Әлеуметтік желіде үнемі мұсылмандықтың «мінін теріп», атеизмнің «жүгін көтеріп» жүретін Төртуыл Шоқан деген бүркеншік есімді азамат Facebook парақшасында ұл баланы сүндеттеудің Ислам дініне ғана қатысты еместігін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпаратт порталы.
«Ұл баланы сүндеттеу – мұсылмандық» дегенді әркім айтып жүр. «Мұсылман болуымен!» - деп құттықтау – таза надандықтың белгісі. Бұл турасында Құран аяттарында бір ауыз сөз жоқ. Бұл үрдіс сол төңіректе тұрған елдердің барлығына ортақ болған. Ет пен тері арасына жиналған «қойыртпақ» базданып, ауру тудыратынын о заманда барлығы білген. Қышыған жерін қайта-қайта ұстай беру анонизмге апаратыны сөзсіз екенін, ұрықтың толық шығуына да зияны бар екенін бүгінгі медицина да айтып жатыр», – дейді ол.
Бұл сөзіне айғақ ретінде жазба авторы еврейлердің де ұлдары туған бойда осы «артық теріні» алып тастайтынын келтірген. «Олар мұсылман емес қой! «Құдайдан түсті» делінген Құранда бұл айтылмаған. Ал еврей ұлты қайдан үйренді?» - деп ортаға сауал тастаған ол, тіпті, мұсылман елдерінде қыз балаларды «сүндеттеу» дәстүрі де бар екенін алға тартып отыр.
«Жаһилет заманынан бастап арабтарда қызды «сүндеттеу» бар. Орта Азия, Африка, Дағыстан, Ауғанстан, арабтар, т.б. Исламды ұстанушы елдерде орын алған. Бүгінгі күнге дейін 200 млн әйел адамды осы операциядан өткізген! Өз еріктерімен бе? Осыны неге мұсылмандық деп мақтанбайсыңдар? Жо-о-оқ, жаман жағы Исламнан емес, ылғи жақсы жағы – солардыкі», - деп налиды Төртуыл Шоқан.
Сондай-ақ, ол қазір Ислам дінін ұстанатындардың өзі 1,5 млн хадистің жартысынан көбін «сахих хадистер емес» деп «қашып отырғандарын» сынға алған.
«Жауапкершілікті ала білу керек. Қаншама адам Ислам дініне кіріп жатыр. Осылардың тағдырына кім жауапты? Кірмесіне қоймайтын Құрандағы «құдайсыз, кәпір, мұнафиқ, тозақ, теріні сыпыру, өлтіру» турасында аяттар мен хадистер бар. Исламнан шыққысы келетіндерді «муртад» дейсіңдер, оның жазасы – денесінен басын айыру, яғни, басын шабу», - деп, онсыз да ұлы діннің атын жамылған түрлі ағымдардан үрейленіп қалған оқырмандарын шошыта түседі.
Сөз соңында ол дүйім жұртты: «Дін-тауарын жарнамалап, қақылдаған имам бар. Маңқылдаған уағызшы бар. Өзін шәйтан атаса да дінді дәріптеп сұңқылдаған әнші бар. Қарсыласын жеңсе болды, сұқ саусағын аспанға шошайтып, «Аллаһу акбар!» деп шыға келетін спортшы бар... Шын тәуелсіздікке ұмтылған елдің ұрпағы дәл біздей болмас. Ойланыңдар, қазақтар! Әлі де кеш емес», - деп белгілі бір діннің фанаты болудан сақтандыруға тырысқан.
Бұл жазбаға жарты күнде 140 пікір жазылып, оны 6 адамның бөліскеніне қарағанда, шынымен де қазақ қоғамының өзіне мұсылмандықты «құбыжық» етіп көрсететін «иламофобия» дерті дендеп ене бастағандай.