Мұхамеджан Тазабектің полицейлер алдындағы «жалынды сөзі» елді елең еткізбей қоймады, әрине. Эмоцияға беріліп артық кетіп қалды ма, әлде, еркін сөйлеймін деп ойын жинақтай алмады ма, әйтеуір, оның сол сәтте халық пен дінге қатысты айтқан ұшқары пікірлері аз сыналған жоқ. Қазір әлі сыналып та жатыр.
Көпшілік одан бұқара наразылығына қатысты өзінің арнайы түсінік беруін де күтті. Ондайда үнсіз қалатын ақын – ақын ба, Мұхаң бүгін facebook парақшасына өзін-өзі ақтаған жазба қалдырып та үлгерді. Әдеттегідей елді есінен тандыратын көркем сөздер тізбегін жасап баққан. «Тіліне тамсанып отырған» адам әп дегенде ол өзін ақтады ма, тек жұртты даттады ма, ол жағын ажырата алмай қалады. Айтқанының алды-артын ұстатпайтын кәдуілгі сөз шебері! Алайда, өзі бұл жолы «сөзімнің басы аяғына, аяғы басына шығып, әбден монтаждалған» деп отыр.
Оған пікір жазған журналист Есенбек Санатұлы: «Айтуын айтып алып, артынан монтаж-понтаж деп монтансу – халықты мал деп түсіну. Қалай монтаждалса да аузыңыздан шыққан сөз ғой. Меккеде намаз оқығандарды к...тен тебеді дегенді басқа біреу айтқан жоқ. Исламды жек көрінішті етіп барасыздар», - деп реніш білдірді. Ал Мұхамеджан Тазабек оған емес, «...саған айтарым, осы жерден тоқта! Осы биліктің к...тін жабам деп Елге әбден жексұрын болдың», - деген Нұржан Баймаханбетке жауап берді.
«Менің қалауым – биліктің артын жабу емес, елдің руxын ізгі сөздермен көтеру. Ұлағатты ұрпақты көп тәрбиелемей, билікті жүз құлатсаң да жүзі жарық күнге жете алмайсың. Мені жек көрсе, 100 эмоцианалды адам жек көрер, бірақ, миллиондаған адамның батасын алып жүрмін. Бірақ қатты сөйлесең де мен сені жек көрмеймін. Бір қазақтың баласысың. Елдің атынан сен де, мен де сөйлемей-ақ қояйық. Ел өз өмірін сүріп жатыр», - деп жай ғана салқынқандылық танытты ол.
Мұхамеджан мырзаның бұл жазбасына қалдырылған жарты күндегі 300-ден астам пікірде не айтылмады дерсіз... Жақтаушылары мен даттаушылары, тіпті, оның өзін қойып, бір-бірімен айтысып кеткен. Сол баяғы діни көзқарастар қақтығысы.
Енді бұл тақырыпты Тазабектің осындағы өз сөзімен түйіндесек, «кешелі-бері интернетті иығынан демалттық. Түсінбей, жек көргеннен қолымда өлгісі кеп, жақсы көргеннен жолымда өлгісі кеп жатқан қазақ та көп», – дейді ол.
Оның қолы мен жолында кімнің қалай өлгісі кеп жүргенін қайдам, әйтеуір, өзінің ел сөзін ұстаған білдей ақын басымен қағаздағы емес, бейнетаспадағы сөзді «олай деген жоқпын» деп тұрғаны ыңғайсыздау екен.