Дінтанушы Қайрат Жолдыбай бүгін Мұхамеджан Тазабектің полицейлерге айтқан уағызына не үшін қарсы шыққанын анықтап жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Өмірде мені талай адам ренжітті, сыртымнан өсек айтты. Неше адам сатқындық жасады, бетіме мақтап, арқамнан қанжар сұқты. Солардың бәрін «пенде ғой, қателесуге қақысы бар», - деп кешірдім. Тіпті, аттарын атап, игі тілек тіледім. Ешкімге кек сақтамауға тырысамын. Бұл – менің жеке басыма жасалған пендешілікке қатысты берік ұстанымым», - деген ол, алайда, дін мен халыққа жасалған әділетсіздікке үнсіз қарап отыра алмайтынын жеткізді. Тіпті, ондай әрекетті қиянат деп білетінін айтты.
«Мұхамеджан Тазабекпен бес берес, алты аласым жоқ. Бірақ, дінді аргумент ретінде қолданып, полицейлерді халыққа қарсы қайрауына қарсымын. Халықтың көңілін діннен суытуына қарсымын. Халықты кінәлаған біржақты жағымпаз уағызына қарсымын. Осындай біржақты теріс уағыздар – мемлекетке деген жанашырлық емес, керісінше, қастандық. Мәселені одан әрі ушықтыру, халықты одан әрі ашындыру. Полицейлер, халық кешегі сөзінен не ұқты? Қағбада намаз оқып тұрған адамды тебуге болатын болса, көшеге шыққан адамды кемпір, шалына қарамай жаншып тастасаң да болады, тіпті, сауапты іс екен деп түсінді. Міне, мен осыған қарсымын!» - дейді Қайрат Жолдыбай.
Сондай-ақ, ол Мұхамеджан Тазабектің «дінді саясатқа қолжаулық еткеніне» наразы екенін қадап айтты.
Дінтаушының facebook парақшасындағы осы жазбасынан кейін желі қолданушылары «Тоқ етер түйіні осы!», «Жөн сөз!» десіп, кешегі «уытты уағыз» төңірегіндегі дау-дамайдың бір түйінін тапқандай болды.
«Шешендікте сиқыр бар. Ол сөздің бәрін жеткізу үшін психологиялық тұрғыда бірінші дайындайды. Ет бауыры елжіреп, осы не айтса сол дұрыс деген дәрежеге жеткенде, сен приказыңды орында, қағбада теуіп жатқанда, сенікі – жай адамдар жын-ойнақ қылып жатқан алаң, ол жерде кемпір-шалға қарамай тепкілей бер дегенде, ана жерде отырған полицейлер онсыз да шаш ал десес бас алып жүрген, оны рухтандырдым деп отыр ғой Мұхамеджан ағамыз. Керісінше, отқа май құйып, көркем түрде «фас!» деді ғой», - деп пікір қалдырды Бағлан Бақдәулетұлы.
Ал Сабыржан Әбілғазин: «Қайрат мырза, Алла жар болсын! Бұл – сіздің азаматтығыңыз! Бұны бәрі біліп отыр, бірақ, айтуға батылы жетпей отыр. Өкінішті», - десе, Ақерке Әбіштегі: «Қолдаймын! Тазабек халықты діннен бездірдім деп уайымға салынбады. Құдайды сүйген пенде болса, солай істер еді. Керсінше, ол тәкәппарлана: «көп болса, 100 адамның эмоциясы, ал мен көпшіліктің батасын алып жүрген ұлмын», - деп мақтаныпты. Құдайдың да, халықтың да алдындағы дәрежемізді өзіміз біле алмақ емеспіз», - деп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін бағамдай алатынын танытқан.