$ 498.34  519.72  4.85

«Президент болуға лайық тұлға»: Мұхамеджан Тазабектің жақтастары ашық кете бастады

«Тәңірші, Нұршы, Әруақшы, Құраншы, Сүлайманшы, Тәблих, Әшқари, Сопылық тариқат, Рафадайыл, Қадари бастаған ағыстардан топ бастап кім шығып, жауынгерлерге уағыз бен ақыл айтты? Әділетті айтудан оларды кім тосты?» - деп тепсінеді Серік Боқан.

Өз ортасында «ақын», «журналист» атанып жүрген Серік Боқан деген азамат бар. Көбіне facebook әлеуметтік желісінде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек туралы жазбаларымен белсенділік танытып отырады. Сол Серік Боқан қызды-қыздымен Мұхамеджан Тазабекке қатысты кейінгі қоғамдық пікірталаста оны (өзін тегтеп тұрып) «Президент болуға лайық тұлға!» - деп салды.

Біз Серік Боқанның «авторлық құқығын» сақтап, өз парақшасындағы жұрттың көбі оқып қойған жазбасын өзгеріссіз жариялауды жөн көрдік. Қатеден көз сүрініп жатса, оған оның өзі жауап берер...

«Мұхамеджан Тазабек елдің тыныштығы мен берекесін ойлады. Шынымен намазды адам өзі үшін оқиды. Ислам деген басшыға қарсы шықпайтын, Жапон сияқты құдайсыз елдер сияқты тоңкеріс жасауға тиым салатын дін. Дүние үшін басқа үшін патшаға қарсы шыққандарға тоқтау салатын дін ислам. Сондықтан Мұхаң салыстырмалы түрде мысал келтірсе оған өре түрегелу әбестік. Мүмкін намаздағы мұсылманды миллиондаған адамның толқынында тапталып қалмасын деп полицей тепсе тепкен шығар, бәрі де адамдардың тыныштығы үшін еңбек етіп жүр», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мұхамеджан Тазабектің шенділер алдында шешіле сөйлегенін «Солдаттар мен полицияға духы жеткен адам ғана уағыз айта алады», - деп өзінше көтермелеп қойды.

Бұл ретте, асығыс сөйлеген автордың ептеп бір шындықтың ұшын шығара қойған сөйлемі ешкімді бей-жай қалдырмас. Қараңыз, осы орайда «Тәңірші, Нұршы, Әруақшы, Құраншы, Сүлайманшы, Тәблих, Әшқари, Сопылық тариқат, Рафадайыл, Қадари бастаған ағыстардан топ бастап кім шығып жауынгерлерге уағыз бен ақыл айтты? әділетті айтудан оларды кім тосты?» - деп тепсінеді Серік Боқан.

Сонда Мұхамеджан Тазабек қандай наным-сенімде? Оның да Серік інісі жоғарыда тізіп көрсеткен діни ағымдарға қарсы бағыттың бірін ұстанатын болып тұрғаны ғой? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, Серік Боқанның дәл осы тұста ислам, христиан, будда, т.б. деп діндерді емес, тек бір дінге қатысты «үй ішінен үй тіккен» ағымдарды ғана атауы тегін емес сияқты. Осының астарында ақиқат болуы керек-ақ.

Жә, қай наным-сеніммен өмір сүрсе де, ол жағын зайырлы қоғам өкілдерінің өзі білсін делік, бірақ, жазба авторы мен оны қолпаштаушылардың көксегені діндарлықтан да биік екен.

Тағы да сол қаз-қалпында келтірсек, Серік Боқан: «...қандай ат тақсаңда? кім десеңде Мұхаң батыр екен. Батыр деген атты көрінгенге телігенше отанның бейбітшілігін солдаттай күзеткен осындай тұлғаға беру керек. Мұхамеджан Тазабекті бүгін бір азамат айтып еді "президент болуға лайық тұлға" деп. Осындай мемлекетшіл тұлғаны қолдайық ағайын! Заманақыр жер тақыр болғанша Қазақ елінің мәңгілік ел болуын тілеймін!» - деп бір-ақ басқан ентігін.

Оған желі қолданушылары 400-ден астам пікір жазып, 35 адам өз парақшаларында бөліскен. Солардың дені – Серік Боқан жағында.

Демек, қазақ елі мәңгілік сақталуы үшін бұлардың арасынан Мұхамеджан Тазабек президент болуы тиіс екен. Бұндайда үлкендер «Көмейіңді білдік, бала!» - деп отырушы еді...

Ерік ЕЛЕУСІЗ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары