$ 494.87  520.65  4.91

«Телевизорсыз отырмыз!»: Таскен ауданында үш көшенің тұрғындары электр қуатына зәру

Іске жарамсыз қалған тоңазытқыш пен теледидарларды былай қойғанда, жекенің жарығы жақында бір адамның өмірін жалмай жаздапты.
фото: otyrar.kz.
фото: otyrar.kz.

«Таскен» шағын ауданындағы 3 көшенің тұрғындары 13 жылдан бері жарыққа жарымай келеді, деп хабарлайды otyrar.kz.

Жергілікті халық жекенің меншігіндегі электр қуатына тәуелді. Сымдар үзіліп, тұрмыстық техникалар жиі істен шығады екен.

«Таскен» шағынауданына күн бата келген қонақтар мекен-жайды таппай әуре-сарсаңға түсіп жатады. Себебі, мұндағы жолдар жөнделмеген, ал үйлер сапалы жарыққа қосылмаған. Салдарынан қас қарая көшелер тас қараңғыға айналады.

Анар Назарқұлова, қала тұрғыны:

 «Жан-жағымыздың бәрі үкіметтің жарығына жалғанған. Тек 60 үйге кірмеген. 2019 жылы кіргіземіз деген. Әне-міне дегенше қыркүйек өтіп, қазанға жеттік. Өткен жылы шағымданайық дегенімізде биыл болады дейді. Басқа жаққа кетті дейді. Жылда біздікі қалады».

Үкіметтің жарығынан үміт үзген көпшілік жеке меншіктің жарығына қол жайып келеді. Тек сапасыз сымдар соңғы кездері сыр бере бастаған. Жел тұрғанда үзіле беретін электр тоқтары тұрмыстық техниканың да жауына айналып бітіпті. Іске жарамсыз қалған тоңазытқыш пен теледидарларды былай қойғанда, жекенің жарығы жақында бір адамның өмірін жалмай жаздапты.

«Біздің теледидар, тоңазытқышымыз күйіп кетті. Өшіп жана бергеннен. Қазір телевизорсыз отырмыз. Жарық онсыз да жоқ қой. Оны қайтіп жөндеп ала беретін біздің қаражатымыз жоқ» дейді тұрғындардың бірі.

Қараша жұрт жауаптыларға да жүгінген. Алайда, ондағылар уәде беруден әрі аспай келеді екен. Сөздеріне сенсек, әкімдіктегілер электр жарығына мұқтаж жұртты келесі айда жарылқамақ.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

«Бүгінгі таңда жұмыстар басталып кетті. 2019 жылы қараша айында 3 трансформатор қойылады. 10 шақырым электр желісі тартылады. 600 650 абонент электр жүйесіне қосылады».

Сала мамандарының кезекті уәдесіне сенсек, «Таскен» шағынауданына мемлекет жарығы келесі айда жеткізіледі. Ал, оған дейін өркениеттен кенже қалған елге ұялы телефонның жарығымен күнелтуге тура келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары