Журналист Ибраш Нүсіпбаев facebook парақшасында Алматыдағы апорт ағаштарын тамырымен қопарып тастап, құнарлы қара топырағын өз үйіне тасып алған жергілікті шенеунікті сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол дөкейдің кім екені әзірге белгісіз. Аты аталып, түсі түстелмеген. Әріптесіміз тек «Бір жоғары шенді боққарын Алатау ауылынан өзіне зәулім үй салмақ болады. Бәрі дұрыс еді, таңдаған жері де тегіс болатын. Бірақ, ол жердің топырағы нашар болып шықты. Ал енді не істеу керек? Дұрыс, жақсы топырақ әкеп төгу керек. Оны қайдан алады? Халықтан!» деп жазған.
Бұл кейіпкердің шынымен де «төбесі көк тіреп тұрғанын» топырақ тасуға 500 «КамАЗ» жүк көлігі мен экскаватор, трактор жалдап келгенінен білуге болады. Автордың жазуынша, ол Алматының бірегей апортын сақтап қалған зейнеткерлердің саябағына басып кірген. Өйткені, «жоғары шендіге апорт емес, құнарлы қара топырақ қажет».
«Салдарынан, жекеменшік телімдердің қоршауын бұзып, бульдозерлер 200-ден астам алма ағашын тамырымен қопарды. Құнарлы топырағы 500 КамАЗ-ға тиеліп, жоғары шендінің учаскесіне кете барды. ҚР Конституциясының өрескел бұзылып жатқанын жергілікті участкелік инспектор мен жергілікті басшылар, жергілікті прокурорға дейін көріп тұрып, түк істей алмаған. Өйткені, бұл шектен шығушылықты жасап жатқан кісі – жай емес, өте жоғары лауазымды боққарын екен», - деп ашынады Ибраш Нүсіпбаев.
Осы жазбасының соңында ол «президент Тоқаев құқықтық және демократиялық Қазақстан туралы ертегілерін әлі де айта бере ме, қалай?» – деп жоғарғы жаққа да бір тиісіп өткен. Есесіне журналистті қолдаған 93 пікір жазылып, бұл жазбаны 276 адам өз парақшаларында бөліскен.