$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстанда бар сала мозга боп кеткен»: таксимен күнелткен биші АҚШ-қа, спортшы Италияға кетпек

Бір шенеунік аяқ астынан балет тамашалағысы келсе, әй-шәй жоқ, жексенбі ме, демалып жатырсың ба, басқа тірліктерің бар ма, қарамайды. Бәрімізді шақырып алады да билеткізіп қояды. Сосын бүкіл бір залды жалғыз өзі алып, спектакль тамашалайды.
фото: wheels-wings.com
фото: wheels-wings.com

Балжан Қалақова есімді желі қолданушы facebook парақшасында қалада такси айдап күнкөріп жүрген балет бишісі мен спортшының мұң-мұқтажын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кеше ол отырған таксидің жүргізушісі балет бишісі екен. Жолшыбай әңгімесін «Еуропада контрактімен жұмыс істеп, елге келгелі құлазып жүрмін» деп бастапты жас таксист.

«Бізде, тіпті, адамдар арасындағы қарым-қатынас та бұзылған ғой. Біреу хабарласа қалса, ана тойда билеп берші, мына тойда билеп берші... Тойда билегенді ұнатпаймын. Ең жыным келетін нәрсені айтайын ба? Бір шенеунік аяқ астынан балет тамашалағысы келсе, әй-шәй жоқ, жексенбі ме, демалып жатырсың ба, басқа тірліктерің бар ма, қарамайды. Бәрімізді шақырып алады да билеткізіп қояды. Сосын бүкіл бір залды жалғыз өзі алып, спектакль тамашалайды. Сол дұрыс па, айтыңызшы? Бардак болып кеткен. АҚШ-қа кетуді жоспарлап жүрмін. Кетем!» - деп күйінген ол.

Жазба авторының сөзіне сенсек, ол соның алдында да бір таксиге отырған. Жүргізушісі спортшы болып шығыпты. Оның сөз саптауы әлгі бишінікінен өзгешелеу болғанмен, әңгіме ауаны бір көрінеді.

«Жастайымыздан спортта жүрміз. Талай жарыстарда тер төктік. Жеңсең өтірік мақтап қояды. Сосын ұмытады. Болды. Қазір универде сабақ берем. Жемқорлыққа құрылған жүйе. Спортың да, білімің де мозга! Қазақстанда бар сала мозга боп кеткен. Италияға кетуді жоспарлап жүрмін. Ол жақта, бірақ, ағылшынның дымға қажеті жоқ. Итальянша сөйлейді бәрі. Бізде де солай болса-шы. Олай емес қой. Бірақ, балаларға «қазақ тілін ұмытпа, қазақ тілін ұмытпа» деп құлақтарына құйып жатырмын. Қазақ тілін ұмытпаса, қайда жүрсе де қазақ болып қалады ғой», - деп ол жігіт те мұңын шаққан.

«Таксиге отырсаң, шетелге кету туралы біреу отырады күйініп. Әсіресе, саф өнер, өнерлердің өнері, элиталы өнер деп есептелетін балет бишісінің айтқаны жүрегімді қозғап жіберді», - дейді Балжан Қалақова.

Оған белгілі журналист Жұлдыз Әбділда: «Балет тамашалағысы келетін чиновниктердің бар екеніне қуанып отырмын», - деп әзіл-шіні аралас пікір жазса, Рүстем Нүркенов есімді күйші: «Балет дейсіз, күй мен күйшінің жағдайы тіпті сорақы! Балетшіге хип-хоп билетіп қойғандай ғой күйдің жағдайы», - деп қынжылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары