$ 443.85  474.3  4.8

ОҚО-да жемқорлыққа қарсы акция өтті

«Ал сен жемқорлықсыз қоғам үшін дауыс беруге дайынсың ба?» Халыққа қызмет көрсету орталығында осындай акция жүріп жатыр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырған шара аясында мекеме қызметкерлері сауалнама-анкета толтырып, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Зейнеткер Ануар Арынов халыққа қызмет көрсету орталығына жер телімін алу үшін кезекке тұруға келіпті. «Құжаттық операциялардың орталықтандырылуы сан-саққа жүгіртпейді. Ең бастысы, уақыт үнемділігі мен тамыр-таныссыз-ақ тірлікті тындыруға болады» дейді ол.

Халыққа қызмет көрсету орталығы 300-ге жуық қызмет көрсетеді. Ондағы ашықтық пен жариялылықты сақтау мақсатында қызметкерлердің сыбайластыққа бой бермеуі үшін алдын алу шаралары жүргізіліп отырады.

Орталық қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы бейнеролик таныстырылды. Одан соң заң алдындағы жауапкершіліктері түсіндірілді. Айта кету керек, аталған мекемеде соңғы екі жыл көлемінде сыбайлас жемқорлық әрекеті тіркелмепті.

Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің заңнамалық базасы мен жүйесін бірінші болып жасауға кіріскен мемлекеттердің бірі.

Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған негізгі нормативтік құқықтық акт - Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды, сонымен қатар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалып, ол қоғам өмірінде сәтті түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бұл мәселеге қатысты бірнеше Жарлықтары қабылданды. Бұдан да бөлек Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталатынын да айтсақ болады.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін біршама деңгейде шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді, еліміз үшін пайдалы шетелдік инвестициялардың жолындағы басты кедергілердің бірі болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары