Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлікте БАҚ өкілдерімен бірге қаладағы көлік инфрақұрылымы мен коммуналдық шаруашылық саласындағы бірқатар нысандарды аралады. Әкім бастаған топ алдымен қаланың даму жоспарына сай Қонаев даңғылының жобасымен танысты.
Айта кетейік, бұл даңғыл жол жоспарға сай алдағы бірер жылда Ташкент тасжолына дейін жалғасып, ондағы көне үйлердің орнын қаланың сәулеттік келбетін арттыратын зәулім тұрғын үй кешендері алмастырмақ. Осы бағытта қала әкімі жауапты сала мамандарына тиісті міндеттерді жүктей отырып, алдағы қаңтар айында даңғыл жолдың ұзарту мерзімі мен бағытын айқындау үшін арнайы жиын өткізетінін ескертті.
Бұдан кейін қала әкімі Терешкова көшесіндегі №50 үйде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Тұрғындар қала басшысына ең алдымен лифттің қызметіне мұқтаж екендерін жеткізді.
Айта кетейік, осыдан 25 жыл бұрын пайдалануға берілген жедел саты бүгінде әбден тозығы жетіп, ұзақ уақыт істен шығып қалған. Жағдаймен танысқан қала әкімі тиісті сала мамандарына 54 жанұя мекен еткен 9 қабатты үйге алдағы екі ай уақыт ішінде жаңа лифт орнатып беруді тапсырды.
Сондай-ақ, қала аумағында бұнан өзге де 4 көп қабатты үйдің тозығы жеткен жеделсатысын келер жылдың алғашқы тоқсанында толығымен ауыстыру қажеттігін айтты. Тұрғындардың өтініші бойынша жауапты мамандарға аталмыш көше бойын толығымен жарықтандыру мәселесін де тапсырды.
Бұнан кейін қала әкімі Есіл көшесінің бойында орналасқан жылу беру станциясының жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, 2009 жылы пайдалануға берілген аталмыш станция бүгінде қала тұрғындарын жылумен қажетінше қамтып отыр.