Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылындағы Карл Маркс көшесі, 19 үйде тұратын төрт баласы бар Нұрдымұрат Сетерханның үйін тілсіз жау жалмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Редакциямызға хабарласқан журналист Бердібек Хабай бізге өртенген үйдің суреттерін де жіберді. Оның айтуынша, өрт салдарынан Нұрдымұрат Сетерханның үйі мен дүние-мүлкін куәландыратын құжаттардың барлығы күлге айналған.
1975 жылы туған үй иесінің өзі жұмыссыз екен. Төрт баласы үшін қара жұмысқа жалданып, мүгедек қызына уақытылы дәрі-дәрмегін алып, «шықпа, жаным, шықпамен» күнелтіп отырған көрінеді.
Оның әйелі Ботагүл Қажымұрат та жұмыссыз, үйде мүгедек қызына қарап отыр. Ұлдары – Жарқынбек колледжде 2 курс, Ерқанат 1 курс студенті. Ал қыздарының үлкені Үміт – мүгедек. Диогнозы – ДЦП. 6 сыныпты үйден оқиды. Кенжесі Фарида болса, 5 сынып оқушысы.
«Қыс болса мынау, келіп қалған. Балалардың киім-кешегі, оқу құралдары, ас-ауқаттары, жатын орны не болмақ? Ел ағалары мен «атымтай жомарт» азаматтардан, басқарушы биліктен, әкімдіктен, «Нұр Отан» партиясынан көмек сұраймыз», - дейді отағасы.
Оның үйі осыдан 5 жыл бұрын да бір өртенген екен. Одан кейін еңсесін енді тіктей бергенде, міне, ол оқиға екінші рет қайталанып отыр. Өрт бұрын электр сымының тұйықталуынан болыпты. Ал қазіргісінің шығу себебі әзірге белгісіз.
Үй иесі ауыл әкімдігіне дереу хабарласқанмен, олар ешқандай көмек бере алмайтындарын айтқан. Ал аудан әкімдігінен еш жауап жоқ. Тіпті, өрттің шығу себебін анықтайтын комиссия да келмеген.
«Ауыл әкімдігі бар болғаны 300 мың теңгені жинап беруді уәде етіпті. Далада қалған отбасы оған не алады? Мүгедек баласын емдей ме, әлде, құжаттарын рәсімдей ме? Ештеңесіне де жетпейді ғой», - дейді бізге жерлестерінің шарасыздығын жеткізген Бердібек Хабай.