$ 494.87  520.65  4.91

«Тырнағыңызды, кірпігіңізді қалай жасаттыңыз?»: АӘК-ке өтініш тастаған жалғызбасты ана үміті ақталмады

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру ережесі тағы өзгереді.

Қарағанды қаласында зәулім сарайы, қымбат көліктері бар дәулетті отбасылар да атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеткен. Бұл туралы «Жас АЛАШ» басылымы хабарлайды.

Қарағандының жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қалада 316 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген. Оның ішінде 25 отбасының зәулім сарайы мен қымбат көліктері бар екен.  

«Біздің мамандар мекен-жай бойынша үйлеріне тексеруге барған кезде, онда екі қабатты коттедж тұрып жатқан. Сонымен қатар қымбат автокөлітері бар отбасылардың әлеуметтік көмекті алуға құжат тапсырғанын анықтаған. Мысалы олар отбасының табысын 45 мың теңге деп көрсетеді, ал шын мәнісінде табыстары 4 млн теңгеге дейін жететін болған», - деп мәлімдеді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан СЫЗДЫҚОВ.

Қарағандыда тұрмысы нашар отбасылардың мұндай атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүргені жасырын емес. Осындай жағдайға бір баласы бар, жалғызбасты ана Гүлнара ҚАСЫМОВА тап болған. Ол баласымен бірге пәтер жалдап тұрады. Бұрынғы күйеуі алиментті үнемі төлемейді. Гүлнара Қасымова шілде айында жұмыссыз қалған соң, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тастаған. Дегенмен күткен үміті ақталмай, оған атаулы әлеуметтік көмекті беруден бас тартқан.

«Маған тексеруге келген мамандар «тырнағыңызды, кірпігіңізді қалай жасаттыңыз?» деп сауал қойғанда не күлерімді не жыларымды білмедім. Енді тырнағымды жеңгемнің сәндеп беріп отыратынын айттым. Ең соңында олар үйдің табысы деп мен өмірі қолыма алмаған ақшаны есептеп шыққан. Әлеуметтік көмекті қажет етпейтін жұбайлары бар, табысы жақсы отбасылардың осындай көмекті алып жатқанын көргенде қатты қынжылдым», - дейді жалғызбасты ана Гүлнара Қасымова.

Заңгер әрі қоғам белсендісі Нұржан ЖАЛБИРОВ атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдету барысында мамандардың табысты есептеуде салғырттыққа жол беруі көптеген көмекке зәру отбасына кесірін тигізді деп есептейді.

«Әлеуметтік көмек тағайындалып жатқан кезде өкілетті органдар тездетіп, комиссия құрып асығыстық танытты.Тіпті менің ойымша мамандардың өзі бұл жұмысқа дайын болған жоқ. Көптеген өтінішті қысқа мерзімде қарап шығу мүмкін болмады. Мамандар табыс деген түсінікке барлығын жатқызды. Тіпті бақшадағы өсіп тұрған гүлден бастап көлікке дейін есептеді. Ал шын мәнісінде, бұл табыс болып есептеле ме, жоқ па, ол нақты ешқандай жерде жазылмаған», - деп мәлімдеді заңгер Нұржан Жалбиров.

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру ережесі тағы өзгереді. Енді еліміздегі барлық көпбалалы отбасылар табысына қарамастан әлеуметтік көмекті алатын болады. Көмекке зәру отбасында жұмысқа қабілеті бола тұра, ол жұмыс жасаудан бас тартса, мұндай жанұяға көмек берілмейді. Отбасылардың жағдайын тексеретін комиссияларға барлығын анықтап шығу үшін жеті күн уақыт берілмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары