Журналист Айдос Жұқанұлы facebook парақшасына ТМД елдерінің 1989-2019 жылдар аралығындағы демографиялық көрсеткіші туралы кесте жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кестеге салыстырмалы түрде қарасақ, кезінде Кеңес үкіметінің құрамында болған 15 елдің халық саны онша көбейе қоймаған. Тіпті, Молдавияда - 38,2%, Грузияда - 31,5%, Латвияда - 28%, Литвада - 24,4%, Украинада - 18,4%, Эстонияда - 15,8%, Арменияда - 10,9% және Белоруссияда 7,1% халық азайған.
Ал көрші тәжік елінің халқы, керісінше, 78,6%-ке көбейген. Яғни, 5 109 000-нан 9 126 000-ға дейін өсіп отыр. Одан кейінгі орында 67,1%-пен Өзбекстан, 65,6%-пен Түркіменстан, 43,1%-пен Қырғыстан, 42,4%-пен Әзірбайжан мемлекеттері тұр. Сосын біз... кемімесек те, көбейгендердің (12,1%-пен) соңын ала жайғасыппыз.
Халық санының 16 536 000-нан 18 528 900-ге дейін ғана өскеніне Айдос Жұқанұлы «Қазақтар спираль салып алған ба, немене?» деп көңіл толмаушылық танытса, Әділет Ахмет есімді желі қолданушы: «Табанынан сыз өткен, жүрегінен мұз өткен халық өспейді», - деп бір-ақ қайырған. Ал деміккен демографияның салдарын басқадан іздеген Мақпал Шадан: «Мен білетін өзім қатарлы жастардың көбіне кесарь тілігін жасаған (өзім де бармын). Ақша үшін, әрине. Одан кейін қалай көбейеміз?» - дейді. Сондай-ақ, Харигазы Жидай есімді азамат: «Ораза, намаз - тоқтықта» дегендей, бала тауып, оны өсіріп-жетілту үшін жағдай керек. Ал қазақ халқында ондай мүмкіншілік қай дәрежеде?» - деп ортаға ой тастап отыр.
Енді пайыздарға емес, сандарға көз жүгіртсек, әлгі халқы өсіп отырған елдердің әрқайсысына осы 30 жылда 2-4 миллион адамнан қосылған. Тек өзбектер ғана «көк көрпенің бүлкілін» жиілетіп, өмірге 13 млн 349 мың 100 адам әкелген.
Бұл ретте, өлім-жітім мен шекара сыртындағы елдерге қоныс аударып жатқандар көп дегеннің өзінде, ТМД-ның өзге 14 елінің өз-акалар құрлы қимылдай алмай қалғаны анық.