Шымкентте бір отбасы уланып, ұлдарынан айырылды. Қайғылы жағдай 3 қараша күні орын алған, деп хабарлайды, SkifNews ақпараттық порталы ERNUR.KZ тілшісіне сілтеме жасап.
Әкесінің айтуынша, таңғы 4:40 шамасында жедел жәрдем қызметі келген. "Тамақтан улану" диагнозын қойып, ем тағайындаған. Жағдайлары нашарлай бастаған соң тағы да жедел жәрдем қызметін шақырған. Ақ халаттылар анасы мен үш баласын қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген. 2015 жылы туған 4 жастағы ұл бала ес жимастан ауруханада көз жұмды. 32 жастағы әйел мен екі баласын токсикологиялық орталыққа жіберген. Өкінішке орай әлі бір жасқа толмаған нәрестені аман алып қалу мүмкін болмаған. Екі жасар ұл бала да уланудан қайтыс болды.
Шымкент қаласы гипербариялық оксинигенациялық орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, уланудың нақты себебі анықталып жатыр. Иіссіз газдан немесе тағамнан улануы мүмкін. Қазір отбасының 32 жастағы анасы мен 11-дегі қызының жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, уланып қалған отбасы тұрған үйде орталық жылыту жүйесі бар, газ құбыры жоқ. Оқиға орнына жедел түрде жеткен арнайы жасақ улы газбен улану фактісі тіркелмеген деп отыр.