Журналист Алмас Алтай facebook парақшасына «Мәншүк Мәметованың ескерткіші. Семей, 2019 жыл» деген жазба қалдырды. Онда жүктелген суретте қаладағы Жеңіс сейілбағына қойылған қазақтың қаһарман қызының бет-әлпеті «келіспей» қалған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ағаштан ойып жасалған осы бір шағын мүсінге қатысты Амангелді Қайратұлы деген желі қолданушы: «Өзін білмеймін, шебер көзін салғанда шындап кіріскен сияқты. Бір шынайылық бар!» деп жазған. Бұнысымен ол даңқты пулеметшіні «жаудан қорқып тұрған кейпі» дегенді меңзесе керек. Ал Гүлайша Боранова: «Шынымен рас па? Мүмкін емес. Менің әкемнің ауылда бақшаға ағаштан жасап қойған үркіткіші (чучелосы) сияқты ғой. Қой, мүмкін емес», - деп көз алдындағы көрініске сенер-сенбесін білмей дал.
Сондай-ақ, бұл «мүсінді» өз парақшасына желі белсендісі Айсұлтан Жақыпов та салды.
«Бір жылдары қарағандылық бір кәсіпкер өзінің мейрамханасының алдына «Где, где, в Караганде» деп аталатын ескерткішсымақ қойған болатын. Қала жұртына қатты ұнай қоймаған соң алып тастаған. Семейде Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатыпты. Көзбен көріп, қолмен ұстағаным жоқ. Ағаштан ойып жасаған секілді, бір қараған адамға. Мына шедеуірге жеке тұлғаның қаржысы кетті ме екен, әлде, әкімат қаржысы кетті ме?» - дейді ол.
Оған Жарас Өтепұлы деген азамат: «Мұстафа Өзтүрктің ескерткішін жасаған мүсінші ме, авторы?» - деп әдейі қыңыр сұрақ қойып отыр. Себебі, 2004 жылы Алматы облысына қарасты Бесағаш ауылында да қазақ таэквондосының негізін қалаған даңқты спортшымыздың мына ергіжейлі сияқты мүсіні тұрғызылған болатын.
Сонымен, қазір Мәншүк Мәметованың ағаш мүсініне қатысты түйінді пікірді Ғалымжан Оразымбет есімді азамат айтып отыр. «Растығын бір тексеріп алу керек екен. Рас болса, мульткейіпкер ретінде сүйкімді», - дейді ол. Қай жанрдың кейіпкері етсе де кез келген шығармашылық саласы өкілдерінің біртуар тұлғаларды «күніне жүз ойланып, мың толғанып» кейіптегені абзал-ақ.
Ал ашық ақпаратқа сүйенсек, бұл жобаны жасаған Юлия, Иван есімді ерлі-зайыптылардың өздері оны «нағыз еңбектің нәтижесі» деп «сүйсініп отыр» екен.
«Бұл – біздің керемет әкім Ермак Бидахметұлының бастамасы. Ол бізді қалаға ағаштан осы мүсіндерді жасау үшін шақырды. Бұл – өте ауыр еңбек», - деп шыр-пыр етеді Юлия шебер.