Құдайға ең жақын адам - Илон Маск. Абайтанушы Омар Жәлелдің осы бір пікірі интернеттегі аудиторияны екіге бөліп жіберді, деп жазады Stan.kz.
Құдайдың сүйікті құлы болудың жолымен бөліскен Омар Жәлелдің ойына наразылар «Илон Маск мұсылман емес қой» деп шуласа, «адамзатқа игілік жасағандар - Құдайға жақын адамдар» деп қолдап жатқандар да аз емес.
«Құдайдың жаратушылық сипатын таныған ол Илон Маск. Өйткені, ол адамзаттың проблемасын шешейін деп жатыр. Жерді газдан тазартпақшы, экологияны тазартпақшы», - деді Омар Жәлел.
Оның айтуынша, мұсылман үшін бес парызды орындау жеткіліксіз. Құлшылықтың көкесі - Құдай секілді жаратушыға айналу. Адамзат проблемасын шешу.
Оңтүстік Африкадағы азамат қазір әлемге ең танымал кәсіпкер. Ол жанармайсыз жүретін көлік шығаруда. Одан бөлек, әлемді жылдам интернетпен қамтуды көздейді. Марсты бағындыру - Масктың басты мақсаты.
Желіде Жәлелдің пікірін қыртымбай логика дегендер аз емес.
Блогер Өркен Кенжебек Алланың сүйікті құлдарының сипаты - тақуалық, жомарттық, имандылық деген ой білдірсе, журналист Еркін Шәкірұлы «айфон жасамақ түгілі айға ұшсаң да, имансыз ұлыңнан пайда жоқ» деген пікір қалдырды.
«Діндармыз деп жүргендердің жартысы - халтурщик. Жартысы - екіжүзді. Өзіне ыңғайлы жақты таңдап жүреді. Орамал тақпасаң өлесің, қысқа шалбар кимесең өлесің дейді. Сол себепті, шығыс мұсылман әлемінде тоқырау бар. Қазір білімге құштар жастар көбейіп, оны ұғатын шалдар азайып келе жатыр», - деді Асқар Жұмаділдаев.