«Жуырда өзім қатты сыйлайтын азаматтардың бірімен кездесіп қалдым. Ұнжырғасы түсіңкі екен.
«Істеп жүрген тәп-тәуір қызметімнен кетуге мәжбүр болдым. «Қызмет – қолдың кірі» ғой. Қабырғама қатты батқаны: мені қудалаған адам – бір кезде жұмысты бірге бастаған, өзіме жақсы таныс кісі. Ол о бастан дүниеқоңыз әрі мансапқор жан еді. Ақыры талай «мүрдені аттап өтіп», дегеніне жетті – үлкен бастық болды. Сол-ақ екен, адам сенбейтін сылтау тауып, мені бірден жұмыстан қуды. Неден жазықты болғанымды білмеймін...» - деді ол мұңайып.
Өмірде осындай жайттар болып тұратындығына менің де көзім жеткен. Тіршіліктің басты мұраты – дүние-байлық деп түсініп, адамгершілік, ар-ұят, әдеп, обал сияқты рухани құндылықтардан жұрдай болған арамзалардың кісілік келбеті жарқын, парасаты биік, ел-жұртқа сыйлы, адал да қарапайым жандарды ұнатпайтын жаман әдеттері бар. Өйткені, ондай адамдар еңкейгенге ғана еңкейіп, ал шалқайғанға шалқайып жүреді ғой.
Байлық пен мансап үшін бәрін сатуға даяр тұратын, өзімшіл, күншіл, қатыгез, кекшіл, бір сөзбен айтқанда, рухани сорлы жандардан ешқандай опа күтпей, аулақ жүруге тырысқан жөн...».
Кәрібай Мұсырман
Facebook парақшасынан