13.11.2019, 11:30

«Ақшасы тамағына, киіміне, баспанасына жетпеген адам – хайуан деңгейінде» - Ахметбек Нұрсила (ВИДЕО)

«Сен ақылды болсаң, сенің баспанаң болуы тиіс. Отыз жасқа келгенде баспанаң жоқ болса, сенің суырдан күнің төмен деген нәрсе. Адамда намыс болуы тиіс».

Кейінгі кезде «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебін ашып, бизнес тренингтерімен танылып жүрген Ахметбек Нұрсила журналист Асхат Садырбай жүргізетін «Не істейміз?» бағдарламасына сұхбат берді. Сол сәтте ол баспанасыз қазақтарды суырдан да төмен деп есептейтінін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Еске сала кетсек, кәсіпкер 2009 жылы «Сапалы қазақ» деген ұйым құрған болатын. Сондықтан сұхбат барысында журналист оған: «Бүгінде сапалы қазақ көп пе, сапасыз қазақ көп пе?» - деген сұрақ қойды. Ал Ахметбек мырза іркілместен: «Енді ол халықтың ренішін тудырады... Шынайы мойындағанда, сапасыз!» - деп салды. Айтуынша, ол айына 500 мың, 1 миллион теңгеден төмен табыс табатын адамның бәрін «сапасыз» деп есептейді екен.

«Ақшасы тамағына, киіміне, баспанасына жетпеген адам – хайуан деңгейінде. Өзінің хайуандық қажеттілігін өтеген жоқ. Суырдың да үйі, тамағы, «жылы киімі» бар», - деген бұл бизнес тренердің әр сабағына қатысу – адам басына кемінде 90 мың теңге екені белгілі. Соның арқасында ел арасында «бизнесі жоқ бизнесмен» атанып жүрген жайы бар.

Осылайша «деңгейі суырдан да төмен адамдарды» жақсы пайдаланып жүрген «бизнесі жоқ бизнесменге» Асхат Садырбай: «Адамды жануармен салыстырғаныңызға сәл келіспеймін. Өйткені, «суырдың іні бар» деп отырсыз. Ол – жануар (дұрысы, аң - автор). Ал біз адамбыз ғой», - деді. Ондайда Ахаң сөзден тосылған ба, тағы да көсіле жөнелді.

«Суырда азғантай ғана ақыл бар. Соның өзінде біреудің ініне барып, «бір күн қонып шығайыншы, жалға ініңді берші» деген суырды көрмедім. Мен Тарбағатай деген суырдың мекенінде тұрамын. Барсам, сеп-семіз, өзінің мекені, бала-шағасы бар. Жарқырап тұрып жақсы өмір сүріп жатыр. Ал адам баласы одан ақылды ғой. Сен ақылды болсаң, сенің баспанаң болуы тиіс. Отыз жасқа келгенде баспанаң жоқ болса, сенің суырдан күнің төмен деген нәрсе. Адамда намыс болуы тиіс. Адамда ақыл-ой, сана бар, бірақ, жалқаулық құртады», - деп барып бір-ақ тоқтаған ол, сұхбатын мемлекеттен баспана сұрап жүргендерді де «суырдан төмен» деп аяқтады.