Ежелгі қазақ даласындағы тайпалар тәңірге сенген. Олар адам өлген соң, ол аруаққа айналады, оның жаны «тіршілік етеді» деген сенімде болған. Аруақтарды жақсы және жаман деп екіге бөліп, біріншісіне ата-бабалардың рухын, екіншісіне жын-шайтандарды жатқызған.
Сондықтан жамандықты жолатпай, жын-шайтаннан қорғану үшін тұмар таққан. Тұмар – түрлі наным-сенімге байланысты қорғаныш қызмет атқаратын зат. Оны тіл тиюден, көз сұғынан, түрлі қауіп-қатерден, пәле-жаладан, тылсым күштерден қорғану мақсатында жасаған.
Дәстүрлі ортада тұмар ретінде туған жердің топырағы, тас қиыршықтары, халық қасиетті, киелі санаған ұлутас, үкі қауырсыны мен тұяғы, қасқырдың азу тісі, киіктің бақайшағы, қойдың асығы сияқты заттар тағылған. Қолөнер дами келе қасиетті саналатын бұл заттардың бейнесі ағаш, сүйек, металл сияқты заттардан ойылып, құйылып та жасалған.
Туған жердің топырағы
Ертеде қазақ арасында туған жердің топырағын тұмар ретінде алып жүру үрдісі болған. Әсіресе, жорыққа аттанған батырлар, өз елінен жыраққа ұзатылған қыздар тұмар ретінде туған жердің топыраған шүберекке түйіп, өзімен бірге алып жүрген. Сол арқылы алыста жүрген ер адам «жер ана жебеп жүреді, туған жерге қайтып ораламын» деп ырымдаған. Сондай-ақ алысқа ұзатылған қыз туған жердің топырағын иіскеп, мауқын басқан.
Тұмар және ислам діні
Ислам діні тұмар ретінде әртүрлі заттар тағуды ығыстырып, орнына құран аяттары жазылған қағаз салу белең алған. Әдетте аяттарды діни ғұламаларға, молдаларға жаздырып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүрген. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов «Қырғыздар ертеде тұмар ретінде құстар мен аңдардың сүйектерін таққан болса, кейін құран дұғалары жазылған аяттарды таққан» деп жазады.
Тұмарды қайда сақтаған?
Тұмар қымбат бағалы металдан немесе былғарыдан жасалған қорапшаларда, қалташаларда сақталған. Қорапшалар үшбұрыш, төртбұрыш кейде түтікше түрінде көлемі мен пішіні әртүрлі үлгіде жасалды. Оларды әшекейлеп, алтын, күміс жалатып, асыл тастармен көмкерген. Бойтұмар ретінде бау алқа өткізіп, мойынға таққан. Кейде тұмарды киім жағасының, қолтығының астына, бас киімнің ішіне тігіп немесе түйреуіш арқылы қадап алған. Одан бөлек, тұскиіз, кілемдерге қыстырып, жастықтың астына жастап жататын болған. Тұмарды жұрт көзіне көрсетіп алып жүру немесе тағу міндетті саналмаған.
Тұмардың түрлері
Тұмарды жасау барысында қолданылатын материалына, безендіру әшекейіне қарай алтын тұмар, тіллә тұмар, сіркелі қолтық тұмар, бойтұмар, жастық тұмар, қиық тұмар, лағыл тұмар деп түрліше атау қалыптасқан.
• Алтын тұмар – күміс бетіне сіркелеп, алтын жалатылған тұмар;
• Тіллә тұмар – алтынмен қапталған тұмардың бір түрі;
• Сіркелі қолтық тұмар – бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар;
• Бойтұмар – дұға, аят жазылып, мойынға тағылатын тұмар;
• Жастық тұмар – төрт бұрышты түсті металдан жасалған көркем тұмар;
• Қиық тұмар – сән үшін мойынға тағылатын, жалтырауық заттардан жасалған тұмар;
• Лағыл тұмар – лағыл таспен безендірілген тұмар.
Тұмардың шағын, кішілеу келген түрін «тұмарша» деп атайды. Халық оның киелі қасиетіне сеніп, кездейсоқ қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтайды деген сенімде болған. Халықтың байырғы түсінігінде тұмарша оюы бар бұйым адамды жын-шайтаннан сақтайды, жамандықты жолатпайды деген сенім болды.
Үкіаяқ
Ертеде халық арасында үкі киелі құс саналған. Сондықтан оның тырнағы мен мамық жүнін түрлі жаман күштерден және тіл-көзден сақтайды деген наным-сеніммен тұмар ретінде пайдаланды.
Үкіаяқты жасау үшін оның екі тырнағын екі жаққа қарата күміспен құрсаулап қаптап, жоғарғы жағын өзара бір-бірімен дәнекерлеп біріктіріп жасайды. Оның төменгі жағына бетіне тас қондырылған тұмар, күміс салпыншақ бекітіледі. Мұндай үкіаяқтарды әйелдер мен қыз-келіншектер сырға немесе бойтұмар ретінде таққан. Сондай-ақ, үкіаяқты тұскиізге және нәресте жатқан бесіктің арқалығына тігіп қойған.
Сырғаның күші
Ежелгі қазақ дәстүрінде тылсым күштерден, тіл-көзден сақтану үшін қыздар мен әйелдер сырғаны бойтұмар ретінде таққан.
Әйел адам өмірден өткен кезде оның сырғасынан басқа барлық әшекей бұйымын шешіп алған. Ежелгі кезде сырғалар жылан, күн, ай, спираль түрінде жасалған. Көпті көрген аналар әлі күнге дейін оған бойтұмар ретінде қарайды. Сырға ұзатылған қыздың жасауына кіреді.
Көпті көрген аналар әлі күнге дейін сырғаны бойтұмар ретінде пайдаланады
Сондай-ақ, ежелгі қазақ даласында жүзіктің тылсым күшіне сенген. Тіпті, халық арасында «тамақ таза болу үшін қолда жүзік болуы керек» деген мәтел бар. Тіпті, сәби қырқынан шыққан кезде суға күміс жүзік тастап, оны соған жуындырған.
Зиянды тылсым күштерден сақтанып жүру үшін шашқа да түрлі әшекей бұйымдар таққан. Себебі, халықтың бұрынғы түсінігінде шаш – жанның бір бөлігі болыпты. Қыздар мен әйелдер бұрымын кеспеген әрі шаш тараған кезде түскен шаштарын тастамаған.
Сонымен қатар, ұлттық әшекей бұйымдарының ішінде алқаны атап өткен жөн. Оны бойжеткен қыздар мен жас келіншектер таққан. Оның ішінде бойтұмар алқа да бар. Ол – әшекейленіп жасалған тұмар. Қазақтар алқаның сыңғыры жын-шайтандардан қорғайды деп сенген.
Дереккөз: Sputniknews.kz