Ювал НоаҺ Хараридің «Sapiens» (адамзаттың қысқаша тарихы) деп аталатын кітабымен танысудың сәті түсті. Оның мұқабасында Билл Гейтстің «Ессіз аралға өзіммен бірге ала кететін он кітаптың бірі осы шығар» деген сөзін оқып, күтпеген олжаға тап болдым деген ойым кітапты оқығаннан кейін тас-талқан болды. Кітапты Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры мен «Universities-38» университеттер альянсы баспаға дайындаған екен. Бес мың данамен жарық көрген, аудармасына қыруар қаржы жұмсалған осы кітап қазіргі қазақ қауымына қажет пе?, деген заңды сауал туды.
«Қаласақ та, қаламасақ та із жыртылып-айрылып, шулап жүретін үлкен маймылдар тұқымдасының мүшесімін» деп салған жерден Дарвин ілімін уағыздаған кітаптың қазіргі жеткіншек ұрпақтың ойын сан саққа жүгіртіп, дел-сал қылатынына шүбәміз жоқ
1871 жылы ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин «Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу» атты еңбек жазып, «Адам жануарлар әлемінің эволюциялық дамуы нәтижесінде пайда болды…», деген пікірін білдіргені белгілі. «Мен ешқашан сене алмаймын адамзат маймылдардан жаралыпты дегенге», деп Расул Ғамзатов жазғанындай, адамдардың көпшілігі оның бұл көзқарасымен келіспейтіні анық болса да, коммунистік идеологияны ұстанған атеистік қоғамға бұл пікір ауадай жақты.
Дарвин теориясы сананы улайтыны анықталған соң 2004 жылы сәуір айында Италияның білім министрі Летиция Моратти орта мектепте бұл ілімді оқытуды тоқтату жайында комиссия құрды. Оны Нобель сыйлығының лауреаты Ритой Леви - Монтальчини басқарды. Сер¬бия министрі Лиляна Чолич бұл теорияны білім жүйесінен мүлде алып тастады. 2005 жылы Дарвин ілімін оқытқаны үшін Түркияның Мерсин қаласында бес бірдей ұстаздың үстінен іс қозғалды. Түрік оқушыларына Чарльз Дарвин эвоюлюциялық теориясы туралы айтылмайды. Бұл туралы Түркияның Білім және ғылым министрлігі осыдан екі жыл бұрын мәлімдеген болатын.
АҚШ-тағы Мичиган университетінің зерттеуіне қарағанда, АҚШ тұрғындарының алтыдан бірі ғана жалған ілімге иланады. Жапония, Исландия, Дания, Швеция, Франция тұрғындарының 80 пайызы бұл ілімді мойындамайды. Дарвин ілімі Құранға ғана емес, Інжілге де қайшы келетіні белгілі.
Ювал Харари докторлық диссертациясын Оксфорд университетінде қорғаған, қазіргі уақытта Иерусалимдағы Еврей университетінде дәріс оқиды. Бұл кітапты Израильде ұлттық бестселлер деп есептейді екен. Алайда,біреудің қаңсығы біреуге таңсық демекші, біздің қазақ еліне осындай кітаптың пайдасы бар ма?! Осыған орай мен Ұлттық аударма бюросының мекен-жайын ғаламтордан тауып алып, олардың электронды поштасына қысқаша хат жолдаған едім:
Ювал Ной Хараридің "Sapiens: A Brief History of Humankind" кітабын аударған екенсіздер. Қандай мақсатпен, кім үшін? Түсінбедім. Бұл кітап Дарвин теориясын насихаттап отыр. Бір сөзбен айтқанда, Аллаға қарсы, шариғатқа қайшы кітап.
Осы пікіріме сондағы алған жауабым мынау: «Бұл кітапты қазір әлем елдерінің көшбасшылары мен ғалымдары, түрлі сала мамандары оқып, талқылап жатыр. Бұл кітапты аударудағы негізгі мақсат - әлемдік талқыға араласуға мүмкіндік беру. Ұлттық аударма бюросы діни сипаттағы еңбектерді насихаттамайды». Жауаптың авторы көрсетілмепті. Ал Құран Кәрімдегі аяттарға назар аударайық;
«Расында Біз адамды саз балшықтың сыңғырлаған құрғағынан бейнелеп жараттық». Құран Кәрім. Хыжыр 15:26
«Шын мәнінде оларды (Мекке мүшіріктерін де) бір жабысқақ саз балшықтан жараттық». Құран Кәрім. Саффат 37:12.
«100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарыққа шыққан оқулықтар 130 оқу орнына таратылыпты. Осы еңбектерді кеңінен таныстыру мақсатында арнаулы роликтер де дайындалған. Ал біз сөз қылып отырған осы еңбек Аллаға қарсылық екенін біле тұра көз жұмуымыз керек пе?! Бұған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да сараптама жасалып, тиісті баға берілуі керек секілді.
Аталмыш кітап, бәлкім, кейбір ғылым саласындағы мамандар тарапынан қызығушылық туғызар. Сондықтан да кітаптың мазмұнын толық мансұқтай алмаймыз. Алайда, оқулық есебінде ұсынылған кітап жастардың санасын улайтыны айдан анық.
Ақылбек Шаяхмет,
жазушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры.
Дереккөз: Abai.kz