Ашық ақпарат көздерінде шетелге кетушілердің саны ай санап емес, күн санап өсіп келе жатқандығы туралы ақпараттар желдей есуде. Мұның себебін бірі елімізде жалақының аздығынан деп есептесе, енді бірі - жас мамандардың алған білімін Қазақстанға тиімді қолдана алмайтындықтарынан дегенді айтады.
Ал танымал бизнесмен, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай болса, бұл орайда өзіндік ойын facebook-тегі жеке парақшасында жариялады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы автордың жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Соңғы кездері Қазақстаннан мамандардың көшіп кетуі тым көбейіп кетті. Мен мұны таныстарымнан да, өзім инвестиция салған кәсіпорындардан да қатты байқап жүрмін. Ең басты себептері - саяси тұрақсыздық, белгісіздік, болашақ пен перспективаның жоқтығы. Көшіп кетіп жатқандардың ешқайсысы Қазақстанның демократиялық болашағына сенбейді. Бұл факторларға жиіркенішті медицинаны, білім беру саласы мен жайлаған жемқорлықты қосыңыз.
Не айтуға болады? Бұл туралы Виктор Цой баяғыда-ақ жырлап қойған:
Перемен, требуют наши сердца! Перемен, требуют наши глаза! В нашем смехе и в наших слезах и в пульсации вен. Перемен, мы ждём перемен! Әйтпесе, құримыз!
P.S. Соңғы кететiн адам! Кетер кезде әуежайдың шамын сөндiрiп кетудi ұмытпаңыз!» деп жазды Марғұлан Сейсембай, «Сabar.asia» сайтының «Инфографика: Казахстан – лидер по оттоку населения среди стран ЕАЭС» мақаласын негізге ала отырып.
Айтпақшы, оның өзекті мәселені көтерген Марғұлан мырзаның азаматтық пікірін қолдаушылардың қарасы басым. "Әр кәллада бір қиял" дегендей, пікір білдірушілердің арасында жеке ойларын сауатты жазып, жан-жақты талдау мен сараптама жасап, көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ортаға салғандар мол. Әсіресе, қазақтілділерге қарағанда, орыстілді оқырмандардың көзқарас алуандығында шек жоқ.