23.11.2019, 11:45

«Тоқтаңыздар, мен сиқыршы емеспін!» - Бақытжан Сағынтаев  (ВИДЕО)

Қала әкімінің айтуынша, Алматыдағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігін толық шешу үшін әлі 600 автобус қажет екен.

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудан жұртшылығы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан қоғамдық көліктердің жетіспеуі, жарықтың жоқтығы, қолданысқа берілген үйлердің сапасыздығы сияқты әлеуметтік мәселелерді шешіп беруін сұрады. Тұрғындар Алатау ауданы әкімінің жұмысына көңілі толмайтынын, оның «құрғақ уәделерінен» әбден шаршағандарын жеткізді, деп жазады Azattyq-ruhy.kz.

«Қасыңызда отырған Алатау ауданының әкіміне (Шахмерден Рыспаев – авт.) өкпем қара қазандай. Алдына 12 рет бардым. Алты баланың анасымын. «Алматы Аренаның» артында тұрамын. Өз күшіммен, аяғым ауыр болса да кірпіш тасып, үй салып алдық. Аудан әкімінің алдына қанша рет бардым? Оның айтатыны: «Саят  Болатұлы бақылауға алыңыз» (Саят Ағыбаев - аудан әкімінің орынбасары). Ал, Саят мені Алмасқа  жібереді. Мен әкімдіктегілерді жаттап алдым. Ешқайсысы көмек көрсетпейді. Көп балалы аналарға көмектесеміз, бәрін жасаймыз дейді. Қайда? АӘК алайын дегенде де бермеді. Мен тамақ сұрап отырған жоқпын. Балаларым кішкентай. Үйімнің құжатын жасата алмай жүрмін. Әкім халықпен жұмыс істей алмайды. Әкім «қайда барсаң онда бер» деді. Бір-біріне сілтеп, шығарып салады», - дейді аудан әкімінің үсінен Бақытжан Сағынтаевқа шағымданған Лаура Уәлиева.  

Көп балалы ананың айтуынша, оған тиесілі жер судан қорғау аумағына еніп кеткендіктен, үш жылдан бері құжатын жасата алмай жүр екен.

«Мен сізге қазір ештеңе деп айта алмаймын. Құжаттарыңызды көрген жоқпын. Судан қорғау аймағында тұрсаңыз, мен сізге құжат жасап бере алмаймын. Айттым ғой, заң шыққан кезде ғана жасап береміз», - деп Сағынтаев тұрғын сауалына қысқаша жауап берді.

Сондай-ақ, жиналған халық Саялы, Зерделі, Мәдениет, Өжет сияқты шеткі аудандардан қаланың орталығына қатынайтын қоғамдық көліктер жетіспейтінін айтты. Қала әкімінің айтуынша, Алматыдағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігін толық шешу үшін әлі 600 автобус қажет екен.

Аудан халқының уәжіне сенсек, сайда орналасқан ауданда арық жүйесі де толық шешілмеген, салынған жолдардың да сапасы сын көтермейді, жарықтандыру жұмыстары да толық жүргізілмеген.

Қала әкімі келесі жылы жол жөндеуге 15 млрд теңге бөлінетінін, әлеуметтік мәселелерді реттеу үшін алдағы 5 жылда 800 млрд теңге қарастырылып отырғанын айтты. Алайда, жиналған жұртты қала мэрінің бұл жауабы қанағаттандырмады.

«Сіз жәй болашақ, болашақ  дей бересіз. Қазір шешу керек. Балаларға обал, мектеп жетіспейді. Аудан әкіміне қанша рет айттым. Ол келмеді», - десті жұртшылық. Сондай-ақ, жиналған жұрт мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтып, әкімнен жөндеу жұмыстарына жауаптыларды жөнге салуды сұрады. Алатау ауданында тұрғындардың жекелеген мәселесімен қатар әлі күнге шешімін таппаған қоғамдық проблемалары да жеткілікті екен.

«Зерделі – 6» шағын ауданы. 180 а көпқабатты үйі. Барлығы 52 пәтер. Лифті қосылмаған. Газ жоқ. Жаңа үйдің шатыры апаттық жағдайда. Төбеден аққан судан электр сымдары тұйықталып жатыр», - деді тұрғындардың атынан шағымданған Ақмарал Мамаева.

Аудан бойынша мемлекеттік 26 мектеп болғанмен, әлі 8 мың балаға орын жетіспейді. Қала басшылығы келесі жылы ауданда 4 жаңа мектеп салуды жоспарлап отыр екен.

Алатау ауданының тұрғындары Сағынтаевты төрт сағат бойы сұрақтың астына алды. Мәселенің көптігіне көзі жеткен қала әкімі аудан тұрғындарының уәжіне «мен сиқыршы емеспін» деп жауап берді.

«Тоқтаңыздар. Бәрін қайта-қайта айта бергеннен не пайда?! Жан айқайларыңызды түсінем. Бірақ, менің сөзімді де естіңіздер. Мен бүгін шешуге болатын нәрсені түсіндірдім, біз шешеміз. Жыл соңына дейін 400 автобус аламыз. Жалпы 600 автобус жетіспейді. Енді оларды қайдан аламын? Мен 1000 автобусты бір күнде ала алмаймын. Мен сиқыршы қарт Хоттабыч емеспін», - деді Алматы әкімі.