25.11.2019, 14:15

«Мыналар - малсыздар, қайтіп партия құрады?»: Ерлан Төлеутай аға буынның түк бітірмегенін мойындады

фото: Dalanews.kz
Асанқайғы, Бұқар жыраулардың "Қанша шешен болса да дауға салма малсызды" деген сөзі бар ғой. Мыналар - малсыздар. Бұлардың малы жоқ. Бұлар қалай партия құрады?

Белгілі өнертанушы, әнші, ұлттық өнерді дәріптеуші, зертттеуші Ерлан Төлеутай саясат сахнасына шығып, тайраңдаймын деп, тыраштанып жүрген қоғам белсенділерін сын садағына алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Саясат пен билік, жаңа партиялардың құрылуы жайлы "Qajet" ютуб каналына берген сұхбатында өнертанушы қоғамдағы талай өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Сөзінің әлқиссасын "Ешқандай партияға мүше емеспін!" деп бастаған ол, бүгінгі саяси ахуал, мәдениет, ұлттық өнер жайлы көптің көкейінде жүрген мәселені көтерді.

"Мен ешқандай партияға мүше емеспін. Жастау кезімде партия құрам деуші біраз азаматтармен араластым. Бірақ, мұның барлығы ойын екен. Мен өткенде "Егер ұлттық буржуазия болса" деген тақырыпта мақала жаздым. Барлық әлеуметтік желілер мен сайттар, газеттер көптеп көшіріп басты. Бізде ұлттық буржуазия болмай, партия құрам деу, былайынша айтқанда, далбаса тірлік. Өйткені, партия құрам деп жүрген жігіттердің ешқайсысының қалтасында көк тиын ақшасы жоқ. Ал партия деген сенің есебіңде ақша болмаса алға жылжымайды.

Асанқайғы, Бұқар жыраулардың "Қанша шешен болса да дауға салма малсызды" деген сөзі бар ғой. Мыналар - малсыздар. Бұлардың малы жоқ. Бұлар қалай партия құрады? Сосын партия құратын, ел билейтін адамның маңдайы жарқырап тұрады. Бір партияны алып шығатын адамның өзі тұлғасынан белгілі болып тұрады. Біз ондай керемет тұлға көрген жоқпыз. Кезінде елдің бәрі Қосановты біздің көсеміміз, елді алға алып шығады деп ойлады. Біздің халықтың, бұқараның балалық ауруы әлі тарқаған жоқ. Біздің саяси әрекеттер әлі балаң күйде жүр. Кім шықса болды, сол - көсем. Біреу жақсы сөз айтып жіберсінші, халық соның соңынан ереді. "Әй, халқым, мен билікке қарсымын!" десе болды, соның соңынан жүгіреді. Мәселе олай шешілмейді ғой. Саясатта да парасат болуы керек. Парасатты тұлға болуы керек. Қосановтың саяси күрескер болып жарытпайтыны көзінде тұрды. Сол кезде мына кісі аяғына дейін бармайды, ертең көресіңдер деп айтқанымда, бәрі мені халық жауындай көрді. Біздің ұлттың қайраткерді танитын ұлттық инстинктері өліп қалған", - деп азаматтық пікірін ашық айтты.

Бұдан бөлек, ол билік пен саясатқа 30-40 жастағы азаматтардың келгені дұрыс деген ойын алға тартты. 

"Қазір мәдениетке көмектесіп жатқан байшыкешті табасыз ба, жоқ. Өйткені, олар өзінің ұлтына жаны ашымайды. Өз ұлтына жаны ашымаған олар, ұлттық партияға ақша салып қайтеді!? Қоғам тәуелсіздіктің балалық аурынан әлі айықпаған. Енді жаңа толқын келуі керек. 50-60-70-ке келгендер жылы жауып қою керек. Ендігі үміт 30-40 жастағыларда. Олар дүниені өзгертеді. Бізден түк шықпайды. Біздің буын, бізден үлкен буын 30 жылда әбден тозды, сарқылды. Түк істей алмадық", - деп ағынан жарылды.

Бұл аз десеңіз, өнертанушы әлеуметтік желілердің қазақ қоғамында үлкен күшке айналып, қоғамдық резонанс тудырған мәселелерді талқылайтын үлкен ашық алаңға айналғанын  айтты.

"Facebook қазақ қоғамын сақтап тұр. Әлеуметтік желілер болмағанда, қоғамда үлкен өзгерістер болар ма еді!?  Өкініштісі, қазақтілді әлеуметтік институттар аз. Әлі де болсын, орыстілді институттардың бәсі басым. Қазір қазақ тілінде айту, жазу сұранысқа ие болып келеді. Айтылып жатыр, бірақ, оған билік те, қоғам да құлақ аспайды. Дегенмен, алға жылжу байқалады. Партия құрам деушілердің бәрі - стихиялық қозғалыстар. Себебі, арттарында адам жоқ. Құр сөз, халықты жалықтырған. Олар - малсыз жігіттер. Малсыз жігіттерге саясат та, түк те жоқ. Дауға түсу үшін әуелі малың болуы керек", - дей келе, өзі қазанында қаншама жылдардан бері бірге қайнап келе жатқан өнер әлемінің адамдары хақында да азаматтық пікірін білдіре кетті. 

"Данышпандардың барлығын эстрада жұлдыздарының арасынан іздейтін болдық қой. Түйенің танығаны - жапырақ. Біз бір жұлдызды танып алсақ, содан айырылмаймыз. Сондықтан да "түйенің танығаны - жапырақ" деп, билікке тек эстрада жұлдыздарын тартады. Бұрын жоғары кеңеске ақын-жазушыларды тартатын", - деп кезінде сахнада жүріп-ақ, билікпен бітеқайнасқан аға буын өкілдерінің үлгілі істерін есіне алды.

Сонымен қатар, "жердегі жұлдыздардың" өміріне халықтың таңсық көзқараспен қарайтындықтарын да  жасырмады. Қайта тілі шала, орындауындағы ән сөзінің мәні жоқ әншілердің шын мәнінде әнші екендігіне күмәнмен қарайтындығын, айтарға сөзі жоқ болғандықтан, инстаграмға жылтыраған суреттерін сала беретін әншілердің әрекетін "әжуалады".

Мысалы, Ерлан Төлейтай, сұхбат барысында "Жұлдыздардың өмірін қызықтаймын деп әйелдер үйінде ыдыс-аяқ жуғысы келмейді. Жұлдыздардың әрекеті халықтың санасын арамтамақтық өмірге жеңіп барады. Әлеуметтік желідегі өмір - иллюзия. Жұлдыздардың өмірінде не болып жатқанын білмейміз ғой.

...Бізге әлемде лобби жасап отырған күштер бар екендігін ұмытпауымыз қажет. Әлемдік күштер, трансұлттық компаниялар, батыс елдері бар халықтың асты-үсті байлығын соруда. Халық тобыр болса болды. Халыққа "Хлеби зрелище" деген бар ғой, оларға күнде той, күнде думан керек. Сонда халық өзі тез азады. Ұлттық құндылығы да, мемлекеттік санасы да жойылады. Ертең ел шетіне жау келсе, қолына қару алып шықпайды. Тобырлық өнердің миссиясы сол - халықты ойландырмау.

Елдегі белгілі ән байқауларының барлығы да белгілі бір мақсатты көздеген жобалар. Олардың мақсаты - халықтың өнерін өлтіру, тұншықтыру болатын. Ұлтты халықтық өнерден, классикалық музыкадан ажырату үшін жасалған жобалар. Мен олардың артында кімдер тұрғанын да білемін. Олардың артында өзге ұлт өкілдері тұрды. Тіпті, гейлер, көгілдірлер тұрды. Сосын олар, дауысы жіңішке, бұраңдап тұрған жігіттерді жеңімпаз қылды. Сосын оларға қыздардың барлығы лап берді. Оларға қобызың не, домбыраң не, сырнайың не, бәрібір болып кетті. Телеарналардың барлығын жаулап алды да, тобырлық өнерпаздарды күшпен таңдады. Жеме-жемге келгенде ұлттық өнерпаздар, ұлттық өнер, тіпті, операға дейін далада қалды. Бұл әрекеттер тек қана халық өнерпаздарына әсер еткен жоқ, біздегі барлық өнерді жойып жіберді. Түбіне жетті деуге болады. Биліктің қателігі - соларға жол беріп қойды", - деп ой пернесін ағытты Ерлан Төлеутай.