ҚМДБ РАНТ мүшесі, Кентау қаласы Балаби қарилық орталығының директоры Арман Қуанышбаев Caravan.kz тілшісіне сұхбат беріп, қазақ қоғамындағы тоқал алу мәселесіне кеңірек тоқталды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сұхбат барысында айтулы уағызшының әртүрлі тренингтің «сәнге» айналуы, ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі, бала тәрбиесі, лотарея ойнату және саясат төңірегіндегі сұрақтарға терең бойламай, атүсті жауап бере салғаны аңғарылады. Ал ер-азаматтардың тоқал алу-алмау шешіміне қатысты соңғы сұрақ қойылғанда еркін көсілген.
«Біріншіден, оны мүлдем керек емес деп сызып тастау да қате. Өйткені, жалғызбасты әйелдер де, ерлер де көп. Олардың басын қосу – жақсы іс. Екіншіден, көп алу шариғатымызда да, ата-бабамыздың уақытында да түпкі санамызда, менталитетімізде еш қарсылық жоқ еді. Соңғы жылдары қарсы шығып жатқандар бар. Асыра сілтеп жатқан жанұялар да кездеседі. Мысалы, тоқал алып, сонымен бірге болып, әуелгісін тастап кетіп жатқандар бар», - дейді Арман Қуанышбаев.
Осы орайда, ол қазақ ерлерінің тоқалды алуын алып, оған «күші жетпей» жататындарын да тілге тиек еткен.
«Яғни, күші жетпей дегенде, тек бел күші емес, қалтаның күші емес, екі әйелді бірдей, теңдей алып жүретін саясаттың күші жетпей, ер-азаматтарымыздың қайтадан бәйбішесіне оралып жатқандары да бар. Ол енді қоғам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Әйтсе де, осының алдын алу керек шығар деп ойлаймын. Тоқал алуға тек қаражат, белдің күші бар деп тәуекел еткен дұрыс емес. Өйткені, пайғамбарымыз (с.а.с) ондай жағдайда саясатпен, жұмсақтықпен басқар деген. Пайғамбарымыз (с.а.с) өсиеттерінде «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізге ең жақсыларыңыз» деген. Және Сахих Бухариде «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңіз көптеріңіз» деген хадистер де бар. Сол үшін көп әйел алуда тұрған ешқандай әбестік болмайды. Бірақ, соны алған адам жауапкершілігін сезінсе екен, осы іске бармай тұрып, толыққанды ойланса екен деген ниеттеміз», дейді уағызшы.
Ал журналистің «Жалпы, біздің қоғам көп әйел алуды қабылдайды деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына: «Көп әйел алуға, біріншіден, қоғамымыз дайын емес. Егер ол қоғамға біртіндеп енетін болса, бұл жанұяларда тұрып көрген ұл-қыздар ертең бұны қарапайым қабылдай бастайды. Бұған кемінде 15-20 жыл уақыт керек сияқты», - деп жауап берген.
Сондай-ақ, әйелдердің тәрбие мәселесіне тоқталған ол сөзін: «Әйел заты осы нәрсені, яғни, көп әйел алуды қабылдай алмай жатыр. Бұл да үлкен өзгерісті талап ететін дүние», - деп түйіндеген.