28.11.2019, 12:45

Клоун-студент полицияға жазған арызын қайтарып алды

https://www.farpost.ru/vladivostok/
Рамазановтың сөзінше, бұл жағдай ерекше мүмкіндіктері бар жандардың қоғамда қысым көретінін тағы бір мәрте көрсетті. Осыған дейін біздің басылымға берген сұхбатында Қазақстандағы ең танымал клоун отбасын құрып, шаңырақ көтеруді армандайтынын айтқан еді. Азамат оны жан-жүрегімен сүйетін аруды іздейді.

Қазақстандағы ең танымал клоун Самат Рамазановтың бірер апта бұрын басына ауыр іс түсіп, тұратын жатақханасында соққыға жығылған еді. Салдарынан ауруханаға жатып, төсек тартып қалған отандасымыз Stan.kz-ке берген сұхбатында қазіргі жағдайы қандай екенін, қалай емделіп жатқанын және өзін ренжіткен адамға қатысты қандай шешім шығарғанын айтып берді. 

Фото: Stan.kz

Игі іспен айналысып, клоун болып сирек кездесетін дерт пен онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың көңілін көтеруден жалықпаған кейіпкеріміз келеңсіз оқиға орын алған күнді еске ала берудің қажеті жоқ деген пікірде. Өзін ренжіткен жігітті кешірген ол қазіргі уақытта бар назарын емге аудармақ. 

"Қайта-қайта мән-жайды ақтарып айта бергеннің қажеті жоқ деп ойлаймын. Адамдар онсыз да басымнан қандай жағдай өткенінен хабардар. "Клоун Кроханың" жүрегі үлкен деп тектен-текке айтпаған ғой. Қаншалықты қиын болмасын, кешіре білу керек. Осы оқиғадан түйетінді көкейіме түйіп алдым, әділдікке қол жеткіздік. Жігіт қолымен істегенін мойнымен көтерді. Ол университеттен шығарылып, жатақханада да тұрмайтын болды, туған қаласы Атырауға оралды", - дейді ол. 

Самат Рамазановтың айтуы бойынша, бұзақылық жасап, оқудан шығып кеткен жігіттің ата-анасы ұлының атынан кешірім сұрау үшін Атыраудан Алматыға арнайы келген. 

"Барлығымыздың анамыз бар ғой. Жігіттің анасы бірден бірінші болып кешірім сұрады. Анасының мүгедектігі бар екен. Ол кісінің кешірімді шынайы көңілмен сұрағаны көрініп тұрды. Мені жатақханадағы көршім ренжітсе де, ол да бір үйдің баласы ғой деумен анасының не сезініп тұрғанын түсіндім. Кешірмеске болмады. Полицияға жазған арызымды да қайтарып алдым", - дейді Рамазанов. 

"Клоун Кроха" денсаулығын ретке келтіріп алған соң қызметіне қайтадан кірісіп, "Тұран" университетіндегі оқуын жалғастырмақ. Желтоқсан айының басында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында "Help Today" қоғамдық қорының қолдауымен онкологиялық және сирек дерттерге шалдыққан балалардың көңіл көтеріп, уақытты жақсы өткізуіне арналған Smart Schooll 2 шағын орталығы ашылады. Самат Рамазанов бұл орталықтың ашылуы үшін күн-түн демей еңбектенді. Сол жердегі қызметімен айналыспас бұрын ол өз туған жеріне барып, ем қабылдап қайтуды көздеп отыр. 

"Ақырындап жағдайым жақсарып келе жатыр. Желтоқсан айында туып-өскен жерім Қостанайға барып, емделіп, туысқанарымды көріп қайтсам деймін. Дәрігерлер таза ауада серуендеуге, шипажайда демалуға кеңес берді. Сол күні маған дер кезінде көмек көрсеткен мамандарға, нақтырақ айтқанда, Денсаулық сақтау министріне, Балалар хирургиясы және педиатриясы институтына, қалалық Студенттер емханасына, Нейрохирургия мен кардиологияның ғылыми зерттеу орталықтарына алғыс айтамын. Сол күннен бастап жазылып кетуіме дейін дәрігерлер денсаулығымды бақылап отырды. Ақ халатты жандарға айтар алғысым шексіз", - дейді Рамазанов. 

Сонымен қатар, кейіпкеріміз оқиғадан қандай сабақ алғанын айтып беріп, не түйгенін бөлісті. 

"Психологиялық тұрғыдан төтеп бере алмағанымда депрессияға түсіп кетер едім. Күрделі жағдай орын алған соң, тұйықталып қалуым да мүмкін болды, бірақ берілмей, қиындыққа төтеп бердім. Сол үшін де ер азаматпын ғой. Осы оқиғадан өз іс-әрекетіне жауап беретін, қандай жағдай болмасын, адам болып қалу керектігін түсіндім. Адамдық қасиеттерді жоғалтпаған маңызды", - дейді ол. 

Рамазановтың сөзінше, бұл жағдай ерекше мүмкіндіктері бар жандардың қоғамда қысым көретінін тағы бір мәрте көрсетті. Осыған дейін біздің басылымға берген сұхбатында Қазақстандағы ең танымал клоун отбасын құрып, шаңырақ көтеруді армандайтынын айтқан еді. Азамат оны жан-жүрегімен сүйетін аруды іздейді. 

"Ауруханада клоун ретінде жұмыс істейтін ер адамды сүйіп қалатын ару ең бақытты болады", - дейді ол. Самат Рамазоновты және оны өмірлік жары етіп таңдайтын әйелдің шуақты күндері әлі де алда болады деген үміттеміз. 

Тегтер: арыз студент