$ 494.87  520.65  4.91

«Қан шығып кететін»: желі белсендісі «милицияға беріп, соттатып жібереміз» деп қорқытқандар жайлы айтты

Үйден шықпаған бүлдіршін едім, айдаладағы интернатқа барып түстім. Ол аты интернат болғанымен, негізі барып тұрған абақты еді. Тамағы тамақ емес, киімі де нашар, іші суық. Дегенмен он бала барып едік, бәріміз де адам болып кеттік. Сол кезде қалай өліп қалмағанымызға таңқаламын.
фото: psychologies.today
фото: psychologies.today

«Нұржамал Молдажан:

– Мен Совет үкіметі жүргізген тіл саясатының құрбанымын деп есептеймін өзімді. Өзім Ақмола облысының адамымын. Мал баққан қазақтың қызымын.

1973 жылы қазақ мектептерін жапты. Сол жылы мен бірінші сыныпқа баруым керек еді. Әке-шешем мені интернатқа жіберуге мәжбүр болды.

Үйден шықпаған бүлдіршін едім, айдаладағы интернатқа барып түстім. Ол аты интернат болғанымен, негізі барып тұрған абақты еді. Тамағы тамақ емес, киімі де нашар, іші суық. Дегенмен он бала барып едік, бәріміз де адам болып кеттік. Сол кезде қалай өліп қалмағанымызға таңқаламын.

Бізге барған бойда қазақша сөйлеуге тыйым салды. Қазақша сөйлесең, бұрышқа тұрғызып қояды. Бірінші сабақта сөйлеп қойсаң, бесінші сабаққа дейін солай тұруың керек. Екі айдай мүлде сөйлемей, аузымызды жауып жүрдік. Содан кейін мәжбүрлей бастады. Әжетханаға шығу үшін орысша сұранбасаң жібермейді, орысша рұқсат сұрамасаң қайта кіргізбейді. Мен бала болсам да бұтыма жіберіп қойсам күлкі болатынымды түсініп, «можно выйти?» деген сөзді үйреніп алдым. Солай сыртқа сұранамын, бірақ қайтып келген соң «можно сесть?» деген сөзді айта алмаймын. «Сть» деген сияқты әріптер қатар келген соң оны қазаққа айту қиын ғой. Мен ғана емес, бірнеше бала айта алмайды. Сол себепті әжетханадан оралған соң қайта отыра алмай, тақтаның жанында қатар-қатар тізіліп жарты күн тұрамыз.

Мұғалімнің темір таяғы болды. Сонымен ұратын. Құлағымыздан қатты-қатты бұрағанда қан шығып кететін. Бірақ үйге барғанда әке-шешемізге айтпаймыз. Айтсаңдар милицияға беріп, соттатып жібереміз деп қорқытып қойған. Милиция дегеннің бар екенін сол кезде білдік.

Қысқасы, екі жыл солай оқыдық. Кейін әке-шешем менің қиналып жүргенімді түсініп, мектебі бар жаққа көшіп кеттік.

Адамның бала кезінде көрген қиындығы кейінгі өміріне де әсер ете ме деймін. Басқа мектепке барған соң орыс тілі мен әдебиетіне ден қойып, тіпті оны жақсы көріп кеттім. Содан мектепті бітіргесін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын оқуға түстім. Өте жақсы оқыдым.

Совет Одағы ыдыраған соң қазақтілді мұғалімдер жетіспей жатты да, мені бастауыш сыныпқа қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім етіп алды. Бұл кезде мен өз ана тілімді ұмытып үлгерген едім. Сөйлей аламын, әрине, бірақ жеткілікті деңгейде емес. Содан енді қазақ тілін үйрене бастадым.

Қазақша білмейтін жігітке тұрмысқа шықтым. Үйде тек орысша сөйлесеміз. Сөйтіп жүргенде қызды болдым. Ол ауру болып туды да, екі жарым айдан соң шетінеп кетті. Жылай беремін, жаман ойлар мазалай береді. Соның бәрі әсер етеді екен. Тағы бір қыз туған едім, сегіз жасына дейін ауырып, ол да өмірден кетті. Кейін тағы бір ұл, бір қыз тудым. Олар аман-сау өсті, Құдайға шүкір!

Ұлды әу бастан орыс сыныбына бергенбіз. Бір күні күйеуім тойдан «қызып» келді. Көңіл-күйі жоқ. «Не болды?» – десем: «Мен өзім орыспын ба, қазақпын ба? Орыспын дейін десем, түрім ұқсамайды, сондықтан маған ешкім сенбейді. Қазақпын дейін десем, қазақша сөйлей алмаймын. Мен кіммін өзі?!» – дейді күйініп. Сосын: «Кейін мен сияқты киналмасын», – деді де, ертесіне ұлды қазақ сыныбына ауыстырып жіберді.

Уақыт өте берді. Отбасымызда тек орысша сөйлеп жүрдік. Бір күні Димаш Құдайберген Қытайға гастрольдік сапармен барды. Сонда «Дайдидау» әнін шырқады. Сол ән маған қатты ұнады. «Қозғайсың қатып қалған іштің дертін» дейтін жері есімнен кетпей қойды. Ыңылдап айта беремін. Одан кейін бір күні сол сахнада тұрып Димаш қазақша сөйлеген кезде ішімде бір жарылыс болғандай әсер алдым. Қазақ тілі ешқайда жарамайтын тіл деп ойлаушы едім. Сөйтсем, қазақ тілінде шет елде де сөйлеп, жұртты тыңдатуға болады екен.

Сол күннен бастап қазақшаны қайта қолға алдым. Мен қазақ екенмін ғой, қазақша сөйлеуім керек екен ғой деп біржола кірістім. Кейін Оғыз Доғанның сөздері де қатты әсер етті. Адам деген тілінен ажырап ешқайда кете алмайды екен. Тілінен ажыраған адам алысқа бармайды. Соны түсіндім».

 

(Әлеуметтік желідегі жазба).
 Дереккөз: Zamana.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары