Қазір Маңғыстауда 160 кәмелетке толмаған қыз жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Олардың басым бөлігі Жаңаөзен қаласы Мұнайлы ауданында тіркелген,-деп хабарлайды SkifNews ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасы Медициналық көмекті үйлестіру және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярованың мәліметінше, қазір облыста жыл басынан бері 160 жасөспірімнің жүкті екені анықталған. Олардың 80-і осы уақытқа дейін босанған.
«Жастары 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар. Барлығы мектепте оқиды деп айта алмаймын. Көбісі — колледжде оқитын студенттер. Оның ішінде 17-18%-ы — сырттан келген студенттер. Басқа облыстан. Жалпы, 15 жастағы тек 7 қыз бар. Қалғаны 18 жасқа дейінгі қыздар», - дейді Нұрсұлу Мұхамбетярова.
Осы уақытқа дейін 144 мемлекеттік емханаларда тексеруден өтсе, 16-ы жекеменшік клиникаларда тексерілген.
Ақ халаттылардың дабыл қағатыны, ерте жүктілік, қыздардың денсаулығына зиян. «Өйткені, жаңа жетіліп келе жатқан қыздардың физиологиясы жүктілікке әлі дайын емес», - дейді мамандар.
Ақтау қаласы полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Гүлжан Мұхамбетқызының айтуынша, ай сайын емханаларда құқық қорғау органдары тарапынан тексерулер жүргізіледі екен.
«Қала көлемінде 11 жасөспірім жүкті екені анықталды. Олар 16-17 жасында жыныстық қатынасқа түсіп, жүкітілігімен емханаларға қаралады. Біз ай сайын тексеру актісін жасақтап, бар ақпаратты анықтаймыз. Қайдан келді, әкесі кім? Өз еркімен болды ма?» - дейді Ақтау қаласы полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Гүлжан Мұхамбетқызы.