Бүгін «Жалпыұлттық аза тұту» күні. Кеше елімізде орны толмас қайғылы оқиға болды. Бортында 93 жолушысы бар Bek Air компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 12 адам қаза тауып, 20 шақты адам жарақаттанды.
Апатты жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл жиналыс өткізген болатын. Сонда ол тиісті органдарға барлық әуекомпанияны тексеруді тапсырды.
Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан тек Bek Air-ды ғана емес, Скатты да тексеру керек деген пікірде, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Скатты да тексеру керек. Оларда да ескірген ұшақтар баршылық», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.
Жалпы, бүгінде біздің қоғам «шығын шықпай, кіріс кірместің» кебін киіп жүр. Қазақтың сағын сындырып, есеңгірететін оқиға болмай, жыртықты жамауға ешкім бел шешіп кіріспейді. Биліктегілер олқылықтардың орнын
әрдайым осындай оқыс жағдайлардан кейін ғана толтыруға тырыса қояды.
Сол себепті, әлеуметтік желі қолданушылар қазір Мұхтар Тайжанның жазбасына жаппай қолдау білдіруде.
«ЭйрАстанада да жоқ емес, оны да тексерсін», «бәрін тексеру керек», «Бір тасымалдаушының пайдасына бәсекені өлтіріп тынғандарды да», «Әйтеуір бір қатер болған соң аздап қимылдайды, содан соң ұмытылады. Жүйелік түрде барлық жерде қауіпсіздікке әрқашан үлкен көңіл бөліну керек!» - деп шуласты олар.
Осы орайда, білікті заңгер апатты оқиға кезінде құрылған үкіметтік комиссия құрамына осы саланы білетін адамдардың кіргені жөн деп санайды. Шындық сонда ғана ашылмақ.
«Достар, менің ойымша, сенімді адамдар, әсіресе, осы саланың мамандары апат себептерін тергеу үшін үкіметтік комиссия құрамына кіруі керек. Кінәлілерді анықтаған жағдайда апат себептері көпшілікке жария етілмей қалуы мүмкін. Сондықтан осы типтес апаттар болашақта да қайталануы мүмкін.
Егер сіздер маған «комиссия мүшелігіне кіріп, бізге барлық тергеу барысын хабарлап отырыңыз» десеңіздер, мен жаңа жылда бас алмай тергеу жұмыстарына ат салысуға дайынмын», - деп құлшынды ол.