Әлеуметтік желі қолданушысы Қайсар Қауымбек ұшақ бұзған үйдің туысқанына тиесілі екенін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Bek Air ұшағы соқтығысқан үй менің туған жиеніме тиесілі. Апайымның ұлының үйі.
Бұл үй су, газ болмағандығы үшін бірнеше жылдан бері иен тұрған болатын. Өздері Шелек ауданында үй жалдап тұрып жатқан. Таң алдында ауылдық әкімшіліктен хабарласып, үй орнында апатты жағдай болғанын айтқанда мүлдем сенбепті. Сәлден кейін ватсабына суреттер жібергенде ғана барып сендім деп отыр. Оған үйдің құжаттарын алып, штабқа жетуін айтқан.
Әлеуметтік желідегі қаралы хабарлардан кейін не істерін білмей сасқалақтап қоңырау шалып «мені шақырып жатыр, бірге барсаңыздар» деді.
Әрине, Біздің де жүрегімізді қан жылатып тұрғаны үй емес, ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазасы мен қасіреті еді. Шынын айтқанда жұрт қара жамылып жатқан жерге жетіп барудың өзі қиын екен. Бардық, көрдік.
Біз барғанда әуелі жақындатпады. Кейін үй иесінің ағасы екен деген соң ғана ішке жіберді. Бұл кезде Ришаттың айналасында кілең сол жердегі биліктегілер. Журналистерге сұхбат бермеуін, өздері келісіп шешетіндерін қайта-қайта тапсырып, әбден сансыратыпты. Біз қасына барып тұрғанда да олар Ришатты қайта-қайта шақырып әкетіп, мазалап тұрды. Жүздерінде қайғыдан гөрі үрей мен алаң басым.
Ал жиенім «Маған батып тұрғаны үйдің қирағаны емес, менің үйімнің ауласында он бес адамның қайтыс болғаны» деп егіліп отыр. Осы үшін де ол сол жердегі журналистерге сұхбат беруден ыңғайсызданып, қашып жүрді. Мен оны түсініп һәм қара басын күйттемеген азаматтығына риза боп тұрдым.
Жарас Ниязбек досым үй иесінің сұхбат беруін, үй және құжаттар туралы ғана сұрақ қоятынын айтып еді. Ауыл әкімі журналистерді қақпайлап, Ришатты көлігіне салып алып кетті. Одан кейін оны біз де көрмей қалдық», - деп мән-жайды баяндап берді ол.
Қайсар Қауымбек туысқанын сұхбаттасуға алып кеткен журналистердің ісіне наразылық білдірді.
Оның айтуынша, журналистер ұшақ үйіне құлаған үй иесінің қайғыдан қан жұтып отырғанын алға тартпай, өтемақыны маңызды санапты.
«Кешегі белгілі ақпараттық сайттардың «Үйіне ұшақ құлаған азамат өтемақы төленбей ме деп қауіптенеді» деп айғай-сүреннің тақырыбын қойып, қаралы елдің ашу-ызасын сол жігітке бұрып жатқанына не айтуға болады.
Марқұмдардың сүйегі суымай тұрып, үйдің иесін төлем ақы туралы әңгімеге тарту журналистикалық этика түгілі адамдық болмысымызға да сын емес пе?!
Бұл жағдайда ол да зардап шегуші есебінде. Төлем ақы берілер, берілмес. Оны сол жердегі «уайым-қайғы басып» жүрген әкімдер мен Bek Air компаниясы шеше жатар. Қаралы туымызды жығып, еңсемізді қайта көтергенше бұл екінші мәселе», - деп ашуға булықты желі белсендісі.