29.12.2019, 15:10

«Бұл қай мазақтарыңыз?!»: Жалпыұлттық қаралы күнде семейлік аурухана көк байрақты төңкеріп желбіретті

«Жаңа жылдық кештер тойланбасын, шыршалар жанбасын делінген!!! Бірақ, кеше Семейдің бірнеше мейрамханаларында көңілді кештер өтіпті! Ол ол ма... Енді мына масқараны қараңыздар!!!».

Желі белсендісі Еркежан Тұрсынбаева facebook парақшасына 28 желтоқсанда Семей қаласында өз көзімен көрген сорақылық туралы жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«28 желтоқсан жалпыұлттық қаралы күн болып жарияланды. Жаңа жылдық кештер тойланбасын, шыршалар жанбасын делінген!!! Бірақ, кеше Семейдің бірнеше мейрамханаларында көңілді кештер өтіпті! Ол ол ма... Енді мына масқараны қараңыздар!!!

Бұл – Семей қаласының мемлекеттік балаларға арналған жұқпалы ауырулар ауыруханасы!!! Туды төмен түсіру деген, керісінше, аударып іл деген ұғым ба?

ТУ – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі??!!! Эу, мемлекеттік мекемелер!!! Әбден естен кеткенсіздер ме?!!! Бұл қай мазақтарыңыз?! МАСҚАРА!!! Достар, Заң бойынша жаза қолданылуы тиіс пе?» - деп реніш білдірді семейлік қыз.

Сондай-ақ, ол қаралы күні ескі ғимараттың шатырында төңкеріле желбіреп тұрған тудың әр қырынан түсірілген суреттерін де жүктеді. Ал оған қатысты пікір жазғандар тиісті мекеме басшылығының бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап беретінін айтуда.