$ 514.65  544.6  5.17

«Сонда кім пайдаға шықты?»: арағы құдыққа тасталған Боралдай – ішімдіктен бас тартқан оныншы ауыл (ВИДЕО)

Ақын Абылай Мауданов: «Маған кітап өртеуге ұқсас сияқты боп көрінді. Кітапты өртеуден ауыры – оқымай қою ғой. Арақты жазалау үшін ішпей қою да жеткілікті», - дейді.

Бүгін Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай ауылының тұрғындары ішімдікке қарсы акция ұйымдастырды. Осылайша, олар жәшік-жәшік арақ-шарапты ауыл шетіндегі құдыққа апарып төкті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Құдық бетонына шөлмектерді жәшігімен төңкеріп те, бір-бірлеп те шағып жатқан жерлестерін видеоға түсіріп тұрған жігіт: «Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылының тұрғындары ішімдікке, нашақорлыққа өте қарсы», - дейді. Одан кейін тағы бір азамат: «Боралдай тұрғындары ішімдікке, араққа қарсымыз!» - деп, бір жәшік арақты құдық түбіне атып ұрды. Өзгелері де «Қарсымыз!» деп ұрандатып, қолдарына түскенін құр қалдырмай әлек.

Желі белсендісі Жанна Әмірхан facebook парақшасына бұл акцияға қатысты «Соншама арақ-шарапты аямай лақтырып, сындырып жатқандарына қарағанда, өз ақшаларына алмаған сияқты ма? Әйтпесе, қаншама ақша далаға кетті, обал ғой, құрысын» деген әзіл-шыны аралас жазба қалдырды.

Оған Қуат Адис деген азамат: «Біз қазақ жүрген жерін дабыра қылып жүретін науқаншыл халықпыз ғой. Әйтпесе, сол арақпен күресудің басқалай да жолдары бар емес пе?! Ішіндегісін төгіп тастап, бос шөлмекті пайдаға жаратпай ма, одан да. Мәселен, ана бір ұста жігіт секілді бөтелкеден үй салып дегендей... Құр ысырап...», - деп күйініш білдірді.

Журналист Айдос Жұқанұлы да өз парақшасына «Түркістан жастары арақ-шарапты һарам деп шағып жатыр. Видеоны бірнеше рет көрдім. Ішінде Jack Daniels пен Jameson вискиі, Absolute арағы жоқ. Е-е, бәсе дедім... Тым болмаса, бес жұлдызды Түркістан коньягін көріп қалам ба деген үмітім де үзілді» деп жазды.

Ал ақын Абылай Мауданов: «Маған кітап өртеуге ұқсас сияқты боп көрінді. Кітапты өртеуден ауыры – оқымай қою ғой. Арақты жазалау үшін ішпей қою да жеткілікті. Үш-төрт жәшік ішімдіктің ақшасын пайдалы нәрсеге жұмсар едім», - деген ой тастады.

Тағы бір әріптесіміз Қалмаханбет Мұқаметқали да: «Құдыққа тастап жатыр ма? Спирт топыраққа сіңіп, айналадағы шөп тамырына шапса, ол шөпті мал жесе, малдың етін өздері жесе...», - деп мысқылдаған.

Желі белсендісі Бейсенғали Көкей де бұл шараға наразы екен. «Бизнесменнің есебі түгел. Сатып алып, сындыра беріңдер. Сонда кім пайдаға шықты? «Ит – қорыған жерге өш» (халық мәтелі)», - дейді ол.

Кім қалай қыжыртса да, еліміздегі арақсыз ауыл жалғыз Боралдай емес. Бұдан өзге тағы 9 ауылдың дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды. Атап айтқанда, олар – Осы Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылы, Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылы, Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік ауылы, сол СҚО-ның Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылы, Ақмола облысының Еңбек ауылы, Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылы, осы ауданның Қақпақ ауылы, Алматы облысына қарасты Жыланды ауылы, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылы.

Аталған 10 ауылдың жастары ақсақалдардың ақылын тыңдап, батасымен көгеруді көздеген. Саламатты өмір салтын ұстанған мыңдаған тұрғындары бар осы елді мекендер енді өзге өңірлерге де үлгі болуы тиіс-ақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары