Төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2020 жылғы қаңтарда 17,7 млрд теңге көзделген деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зейнетақы мен жәрдемақыларды қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктерде біркелкі бөлу үшін ақша қаражатын аудару кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Министрлік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа 12,5 млрд теңге аударды. Ал корпорация ол ақшаны 5-8 қаңтар аралығында алушылардың шоттарына жібереді.
Қалған 5,2 млрд теңге «Азаматтарға арналған үкіметке» таяу күндері жіберілмек.
Еске сала кетсек, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілген.
Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге төленеді.
Жалпы алғанда, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 177,6 млрд теңге көзделген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алатын болады.