$ 494.87  520.65  4.91

«Бруцеллез, бруцеллез деп дүрлігіп...»: ауыл халқының азын-аулақ малын етке өткізіп жатқан кімдер?

«Боран деген бір ауылда биыл 800 бас малға ауру деп диагноз қойып, ақыры оларды колбаса жасайтын цехқа апарып өткізіпті де, малдың иесіне 45 мың теңгеден ұстата салыпты».
фото: batys.ortcom.kz
фото: batys.ortcom.kz

Журналист Жолымбет Мәкіш facebook парақшасында ауылдағы ірі қараларды «бруцеллез» деген сылтаумен арзанға алып кетіп, қаладағы ет комбинаттарына, шұжық цехтарына өткізу үрдісі тоқтамай тұрғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ауылдағылар жерсіз қалды, енді біраз жылда қолда мал да қалмайтын секілді ғой. Ет жеп өскен, малмен күн көретін қазақтың барған сайын өрісі тарылып барады. Соңғы 5-6 жылда ауылға барған сайын бруцеллез, бруцеллез деп дүрлігіп, қолдағы онсыз да аз малының тең жартысын арам өлмесін деп етке апарып өткізіп жатқандарды талай көрдім», - дейді әріптесіміз.

Оның айтуынша, билік өкілдері «бруцеллез» (сарыбуын) деген ауруды әдейі ойлап тауып, халықтың қорасына қасақана түсіп жатқан сияқты.

«Ырысбек дейтін бауырымның айтуынша, Боран деген бір ауылда биыл 800 бас малға ауру деп диагноз қойып, ақыры оларды колбаса жасайтын цехқа апарып өткізіпті де, малдың иесіне 45 мың теңгеден ұстата салыпты. Мал емдеумен айналысатын бір жігіт бруцеллезбен ауырды деген 8 қараны тексеріп көрсе, олардың бәрі сау болып шыққан», - дейді одан әрі Жолымбет Мәкіш.

Бұл сөзінің жаны бар. Себебі, былтыр Арқалық қаласынан да ет комбинаты ашылғалы бері Торғай өңірінің ірі қаралары аяқасты «бруцеллез» болып шыға келген еді. Күнкөрістерін қамтамасыз етіп отырған санаулы сиырлары жүк көліктеріне тиеліп кете берген тұрғындар БАҚ-қа әлі де шағымдануда.

Сол комбинаттың 2019 жылғы қарашадағы ақпаратына сүйенсек, «Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап ірі қара малының 670 басы, жылқының 97 басы, қойдың 200-ден астамы сойылып өндірілген. 2021 жылға қарай кәсіпорын күніне 10 тонна ет, 3 тонна шұжық өнімдері, 1 тонна консервіленген өнім өндіруге қол жеткізуді жоспарлап отыр» делінген. Ойлантарлық дерек, әрине.

Енді жоғарыдағы жазбаға қалдырған көптің пікіріне ойыссақ, олар да бұл әрекеттің қолдан жасалған қитұрқылық екенін жарыса жазысуда. Бәріне тоқталып жатпай, негізгілерін алсақ...

Еркебұлан Бабасов: «Біздің ауылда да бруцеллез деген сиырдың қанын мал иесі өздері апарып тексертіп, ол сау боп шығып, үлкен айқай болған...».

Ришат Асқарбекұлы: «Нарынқол жақта ауылдардың бірінде осындай махинациямен ақша жасап жүрген мал дәрігерлерінің әрекеті әшкере болған. Барып сюжет жасап, эфирге шыққан соң, сап тыйылған болатын. Резонанс жасап, тексерту керек. Айтып отырғанның жаны бар. Бұл – мафияның тірлігі».

Медет Иса Хан: «Нарықтағы еттің бағасын көтермей ұстап тұру үшін шығарған қитұрқы әрекет ол. Бұны сол саламен айналысатын жігіттер айтқан маған. Яғни оларға план береді, Тарбағатай ауданы бойынша осынша малды бруцелез деп шығарасыңдар деп!».

Міне, мәселе қайда жатыр?!. Демек, әзірге бұл тақырыпты Жолымбет Мәкіштің сөзімен түйіндей тұрамыз: «Сонда бұл қолдан жасап жатқан құйтырқылық па, немене? Ертең ауылда мал қалмаса, малдан басқаға ебі жоқ қазақ несін жейді?».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары