Шымкентте қырыққа жуық жедел жәрдем қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. «Дәрігер Орынбаев» медициналық орталығы халыққа жедел қызмет көрсететін 2 бригадасын себепсіз жұмыстан қысқартпақ дейді осында жұмыс істейтін мамандар.
Гүлсім Қаюпова жұмыстан қысқартылуың мүмкін деген сөзді естіп, төбесіне жай түскенін айтады. Он жылдық тәжірибесі бола тұра бір күнде жұмыссыз қалғалы тұрған маман дәрігер Орынбаев атындағы медициналық орталықта жұмыс істеген. Айтуынша, мекеме басшылығы ешқандай ескертусіз, бір ай ақысыз демалысқа шығарған. Ол аздай жұмыстан басыбайлы босатыласың деп айтыпты.
Гүлсім Қаюпова:
- Бізге айлықты жарытып төлемейді. Мейлі, жеке клиника болған соң, оған да көндік. Бірақ, ешқандай себепсіз жұмыстан босатуы — сұмдық. Мұндағы әр қызметкердің басында несиесі бар. Оған қоса, әр азамат бір үйді асырып отыр.
Бір күннің ішінде жұмыссыз қалғандардың саны қырыққа жуық. Олар басшылықтың жауапсыз әрекетіне наразы. Мәлімдеулерінше, қызметтерінен босату туралы мекеме басшылығы алдын ала ескерту жасамаған.
Нәпақасыз қаламыз деген ақ халаттылар бүгінгі күнге дейін мұндағы 5 бригададан тұратын жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп келген. Қысқартудың салдарынан екі топтың жұмысшылары бос сандалып қалуы мүмкін. Онсыз да жедел шақыртуға уақтылы бара алмайтын мамандардың азаюы әлеуметтік жағдайға кері әсер етері сөзсіз.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жұмысшылардың қысқартылуын негізсіз дейді. Олардың айтуынша, Орынбаев атындағы медициналық орталықтағы бес бригада мемлекеттік бюджет есебінен қызмет етеді. Демек, мамандардың жұмыс істеуі үшін қаржы қарастырылған дейді.
Сәуле Әріпбекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Біздің тарапымыздан бригаданы қысқарту мәселесі көтерілмеген болатын. Бұл мәселе көтерілген жағдайда да қысқартылмайды. Жұмысшылардың қысқаруы мүмкін емес. Себебі бізде облыстың деңгейінде, қала көлемінде де халықтың саны өсіп жатыр күннен-күнге. Сондықтан бригаданы біз қысқартпаймыз. Орынбаев атындағы медицина орталығында 5 бригадасының жұмыс істеуі үшін мемлекеттен жылда қаржы қарастырылып отырады.
Осылайша денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қызметкерлердің жұмыстан қысқартылуы заңсыз деп отыр. Ал, дәрігер Орынбаев атындағы медициналық орталық басшылығы бұл жағдайға байланысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.