23.01.2020, 12:40

«Мальабсорбция» диагнозын қойған»: анасы байлап тастаған 2 жасар бала ауруханадан бір-ақ шықты

Бұл мәселеге орай аудандық прокуратура қызметкерлері балаға сот-медициналық сараптама жүргізіп, денесінен ешбір ұрып-соғу белгілері анықталмағанын айтады.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында анасы аузын жауып, қолын байлап тастаған 2 жасар бала ауруханаға түскен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, бүлдіршін 16-шы қаңтардан бері емдеу мекемесіне жатқызылған.

«Садық Абдынұр 2020 жылдың 16 қаңтарында Келес аудандық ауруханасының балалар бөліміне жатқызылған. Мальабсорбция диагнозы қойылған бала қазір ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр, бірақ тұрақты», — делінген дәрігерлердің хабарламасында.

Заңгер Құрманғазы Мүсір өзінің Facebook-парақшасында балаға әкесінің көмектесіп жатқанын, бүлдіршіннің қатты науқастанып қалғанын жазды.  

«Бүлдіршіннің әкесі ұлының түні бойы жылағанын, тіпті дене қызуы 39,5° дейін көтерілгенін айтты. Медициналық тексерулер жүргізген дәрігерлер балаға «Мальабсорбция» деген диагноз қойған. Бұл ауру түрі бауыр мен асқазан қызметінің бұзылуын, олардың үлкейгенін көрсетеді», - деп жазды ол.

Заңгер, сондай-ақ, әкесінің құқығын қорғау үшін Сарыағаш аудандық прокуратурасына баратынын айтқан. Бұл мәселеге орай аудандық прокуратура қызметкерлері балаға сот-медициналық сараптама жүргізіп, денесінен ешбір ұрып-соғу белгілері анықталмағанын айтады. Әкесі баланың байлаулы тұрған жерін түсіргеннен кейін, перзентін үйіне алып кеткен болып шықты. Содан бері анасы баласын қайтара алмай, оның қорғаушысы прокуратураға арыз түсірген.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде 2 жасар бүлдіршіннің аузы тұмшаланып, қолы байлаулы отырғаны туралы бейнежазба тарап кеткен болатын. Кейіннен бұл жағдай Сарыағаш ауданында тіркелгені анықталды.

Бүлдіршіннің ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін, бала анасында қалған. Оны көруге келген әкесі баласының байлаулы тұрғанын байқап, ұялы телефонына түсіріп алған. Қазіргі таңда бұл іс бойынша құзырлы органдар тексеру шараларын жүргізуде. Ал, ата-анасы баласына таласып, сотқа арызданып жатыр.

Тегтер: аурухана