Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook-парақшасына екі жасар баланы қолына түскен нәрсемен байлап тастаған видеоны жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Отбасылық жанжалға полиция қызметкерлері араласуға мәжбүр болды.
Видеода баланы қозғала алмайтындай байлағаны көрінеді. Баланың аузын да байлап тастапты.
Видеоны түсіріп тұрған ер адам. Ол балаға бірнеше рет жақындағанмен шешуге әрекет жасамайды. Баланың ар жағында әйел адамның айқайы естіліп тұр.
Айгүл Орынбек жазбасында ажырасқан ерлі-зайыптылардың үйінде болған жағдай екенін айтты. Оның пікірінше, ажырасу кезінде ананың баланы асырай алатынына нақты көз жеткізуі тиіс.
"Ерлі зайыпты ажырасқанда, баланы автоматты түрде анаға қалдырады. Ананың баланы бағуға, тәрбиелеуге шамасы жетеді ме, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ! Баланы былайша қорлау, психологиялық ауытқуы бар адамдар ғана жасайды. Ерлі зайыптылар ажырасу кезінде, сот психиатрдың тексеру анықтамасын талап ету керек деп ойлаймын! Әйтпесе қазіргі жас балалардың өз-өздерін суицидке итеру де осы отбасылық жанжалдан", - деп жазды ол.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 қаңтарда жергілікті тұрғын бұрынғы зайыбының 2017 жылы туған баласына қысым көрсетіп жатырғаны туралы Сарыағаш полиция бөлімшесіне арыз түсірген.
«Аталған факт ҚР ҚК 140-баптың "Кәмелетке толмағанға білім беру бойынша міндеттерді орындамау" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция бұл іске қатысы бар адамдарды анықтайды », - деді ПД өкілі.