$ 481.84  531.33  5.07

Шетелден әкелінген көліктердің мәселесі қалай шешілмек? - Тоқаев жауап берді

Қазір Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелініп, есепке тұрғызылмаған автокөліктерге қатысты проблема болып тұр.
Фото: kolesa.kz
Фото: kolesa.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономикалық одағының басқа елдерінен әкелінген автокөлікті тіркеу шарасына қатысты кесімді шешім айтты.

Бұл туралы Tengrinews.kz Үкіметтің кеңейтілген отырысынан хабарлады.

"Қазір Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелініп, есепке тұрғызылмаған автокөліктерге қатысты проблема болып тұр. Мысалы, азаматтарымыз Ресей мен Қырғызстаннан автокөлікті сенімхатпен сатып алады да, оның қожайыны болады. Көлікті Қазақстанда есепке қоймай-ақ айдайды. Қазақстан заңнамасын бұзып, Арменияда техпаспорт рәсімдейді. Елге әкелінген осындай автокөліктің көбі тіркеуге алынбайды. Ондай көліктердің саны ондаған мың", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.

Президент Бас прокуратураға бұл жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды.

"Проблеманы шешу үшін Үкімет Қазақстан азаматтарының ЕАЭО-дан жеке мақсатқа алып келген автокөліктерін 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша біржолғы тәртіппен уақытша тіркеуге алуды бір ай мерзім ішінде қамтамасыз етуі керек. Тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай автокөлік техрегламент талабына сай келуі керек. Сонымен бірге азаматтар тіркеу алымы мен мемлекеттік бажды төлеуге тиіс. Уақытша тіркеу көлікті меншіктен шығару және біреудің пайдалануы мен қарауына беру құқығынсыз іске асырылуы керек. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін көлікті тұрақты тіркеуге қойып, кеден бажы мен утилизация алымын төлеуге және не елден шығаруға, не заңнамада тыйым салынбаған басқа әрекетті істеуге міндетті", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте ЕАЭО шеңберінде қол қойылған барлық келісімде Қазақстанның мүддесі ескерілуге тиіс екенін айтты.

Еске салайық, ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтардан Еуразия экономикалық одағына мүше өзге елдерден әкелінген автокөлікті тіркетуді талап етіп отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейде тіркелген 170 мыңға жуық автокөлік бар. 2019 жылы шетелдік автокөлікпен жүретін қазақстандықтардың кінәсінен 1854 жол апаты болып, салдарынан 132 адам қаза тапқан, 500 адам жарақаттанған. Сонымен қатар бейнекамералар шетелде тіркелген көліктердің қатысы бар 90 мыңнан астам заңсыздықты есепке алған. Мұндай көлік иелері мемлекетке 1,1 миллиард теңгеге жуық айыппұл төлеуі керек. “Еуро-5” стандартына сай келмейтін автокөліктер тіркеуге алынбайды, оларды қолдануға тыйым салынады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары