Павлодарда мас адамның кейпіне енген 20 жастағы күдікті ұсталды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
2020 жылдың 25 қаңтарында кезекті демалысында жүрген полиция лейтенанты Асылбек Мұхтизаров үйіне қайтып келе жатады. Оның назары көшеде жүгіріп келе жатқан жігітке түседі. Ол жол-патрульдік полициясының сиренасын естіген бойда, автотұраққа қойылған көліктердің бірінің астына тығылып қалған.
Жас жігіттің бұл әрекеті полицейдің күдігін оятты. Өйткені, сағат түнгі 3 болатын.
Тәртіп сақшысы көлік астына тығылып үлгерген қашқын жігіттен көлік астында не істеп жатқанын сұрайды. Бірақ, жауап ала алмаған ол жігіттің аяғынан сүйреп шығарады. Осы сәтте күдікті мас адамның кейпіне енеді.
Асылбек 102-ге хабарласып, патрулдік көлік жіберуін сұрайды.
Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, 20 жастағы күдікті 31 жастағы павлодарлықты соққыға жығып, оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Қатты соққы алған ер адам ауруханаға жатқызылды.
Оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция лейтенанты Асылбек Мұхтазияровтың оперативтілігі мен қырағылығының арқасында қылмыс жасаған күдікті ұсталды.
Айта кетсек, тәртіп сақшысы Павлодар облыстық ПД жол-патрульдік полициясында 2012 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.