Қазір әлеуметтік желіде бір әйелдің құдалықтан әкелген киіттің киімдерін далаға лақтырып жатқан видеосы қызу талқылануда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сөз райына қарағанда, дорба-дорба киімді қобыратып алып шығып, ентіге сөйлеген әйелге қазақтың үнемі «айналымда» жүретін арзан шүберектері ұнамай қалған. Оны Гүлмира Қарабаева есімді желі қолданушы facebook-тегі біраз топтарға бөлісті.
«Қайсы күні Шығыс Қазақстанға, Скалисқа (ШҚО Ұлан ауданының Скалистое ауылы, қазіргі атауы – Ізғұтты Айтықов, – ред.) құдалыққа шақырып, біз тамағын іштік те кеттік. Сосын жұмыстан келсем, құдалықтан мынадай нәрселер тұр. Ашсам, сап-сасық. Осы қылықтарыңды қойсаңдар ғой. Мынау не керек? Мынадай мусорды шашып не керек?
Құдалыққа мынадай нәрсені тасығанды қойыңдаршы! Мынаны танысаңдар, алып кетіңдер! Мынадайға мен есегімнің тақайын да бермеймін! Біреу сапасыз бір нәрсесін бермесе, мен мысығымды да бермеймін. Бәленбай жыл сақтап, тасып жүргенше, өртеп жіберу керек. Одан да дұрыстап «жағдайым жоқ» десең, түсінеді ғой адамдар.
Бұндай қаңсықты әрі тасып, бері тасып не керек? «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» емес. Бұл жаман әдетті қою керек. Егер мынаны танып жатса, біреудің құдалығына керек боп қалса, алып кетсін!» - дейді, қар үстіне маталар мен киімдеді лақтырып жатып.
Әрине, бұзық құдағидың бұл әрекеті желі қолданушыларға жақпай қалды. Әр топта «Екі жас ажырасып кетпесе екен, ұят болды мына қатынның ісі», «Надандық деп білем», «Оны бүкіл әлемге жар салып айту керек пе? Өз араларында шешпей ме?.. Мынасы болмады», «Жүрегім ауырып кетті ғой. Өздері ақылсыз бола тұра, ақылдыны ақымақ етеді осылар», «Ұнамаса, апар да өртеп жіберсейші, ағыл-тегіл сөз етіп, елге жаймай! Жастар айрылысады дейміз, қалай айрылыспайды мынадай сөздерден кейін? Балдарды жерге кіргіздің ғой, жаман қатын» дегендей жүздеген пікір жазылған.
Соның ішінде бірі: «Аяғында китайский галош, үстінде атам заманнан қалған жемпір, басында 20 ғасырдағы тымақ еще. Адам кішкене өзіне қарап алса қайтер екен?» десе, енді бірі: «Қызы қандай екенін бір Құдай білсін, шешесі анау болса», - деп түңіліп отыр. Осылайша эмоцияларын видео астына пікір етіп қалдыра салса бір сәрі, тіпті, оны өз парақшаларында бөлісіп жатқандар да баршылық.