4 күн бұрын тұрмысқа шыққан қызын анасы АХАЖ-ға жетектеп әкеліп, ерлі-зайыптыларды тез арада ажырастыруын сұраған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бастығы Нұрлы Хабиева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, былтыр Атырауда 3 мыңға жуық неке тіркеліп, ресми ажырасулар саны бір жарым мыңға жеткен.
Ажырасқандардың орташа жасы - 25-30 аралығында және әр жанұяда кем дегенде бір баладан бар.
«Өткен жылы ерлі-зайыптылар 60 жасында ажырасты. Ажырасушылардың қатарында үйленгендеріне төрт күн болған жас жұбайлар да болды, оларды қалыңдықтың анасы алып келді және тез арада ажырастыруын талап еткен», - деді Хабиева.
Оның айтуынша, жас жұбайларға АХАЖ бөлімі ажырасу туралы құжат беруден бас тартқан, өйткені ерлі-зайыптылар анасының ықпалынсыз өздері сотқа жүгіну керек.
Одан кейін оқиғаның қалай өрбігені АХАЖ қызметкерлеріне беймәлім.