$ 514.65  544.6  5.17

Зерттеу нәтижесі: қазақтың 73%-ы смартфон, 80%-ға жуығы үйлену тойы үшін несие алған

Несиесіз өмір сүруді қалайтындар да көбіне оны той үшін алады. Жас жұбайлар мен олардың ата-аналары «ел-жұрт сияқты той жасау керек» деген түсінікте.
фото: wmzona.com
фото: wmzona.com

Solva микроқаржылық компаниясы қазақстандықтардың несиелік қарыздары тақырыбына зерттеу жүргізді. Зерттеуге 18 жастан 65 жасқа дейінгі 7 мыңнан астам адам респондент ретінде қатысты. Қарыз алушының жасына байланысты несие мақсаты да әртүрлі болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, 365info.kz-ке сілтеме жасап.

2019 жылы Қазақстанның несиелік жүйесіне бұрын несие алмаған 580 мың жаңа қарыз алушы енді. Олар барлығы 176 млрд теңгеден астам сомаға ие болды. Жаңа қарыз алушылар орта есеппен 303 мың теңге несие алады. Жалпы, 9 млн қазақстандықтың несие тарихы бар.

Несие алатындардың ең көп үлесі 25-тен 45 жасқа дейінгі адамдарға келді (67,82%). 18-25 жас аралығындағы қарыз алушылар аздау (28,74%) болды. 45-тен 65 жасқа дейінгі адамдардың санаты, әдетте, несие алмауды қалайды. Сондықтан олардың үлесі тек 3,45% болды.

Әдетте, жастар өздерінің алғашқы несиелерін заманауи гаджеттер сатып алуға алады. Бұл құрылғылар, бір жағынан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қарым-қатынас жасау үшін қажет, ал екінші жағынан жастар ортасында назар аудартатын өзіндік әлеуметтік индикатор болып табылады.

Сатып алынатын техниканың ішінде смартфондар (73%), оның ішінде өнімділігі жоғары брендтердің өнімдері басым. Сондай-ақ, жастар құлаққаптардың жаңа модельдерін (18%) және планшеттерді (7%) сатып алады. Квадрокоптер мен электроскутерлерді (2%) де несиеге алатындар бар.

Орта жастағы қарыз алушылар несиені тұрғын үй (22%), автомобиль (27%), тұрмыстық техника (47%) және саяхат (4%) үшін алады.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың басым бөлігі, шамамен 76%-ы той жасау үшін және тіпті, жерлеу рәсімдерін өткізу үшін несие алған. Білімге несие алатындар да көп. Бұл ретте, әдетте, студенттердің ата-аналары несие рәсімдейді.

Бұл тізімдегі үйлену тойы ерекше орынға ие. Несиесіз өмір сүруді қалайтындар да көбіне оны той үшін алады. Жас жұбайлар мен олардың ата-аналары «ел-жұрт сияқты той жасау керек» деген түсінікте. Сондықтан Қазақстанда үйлену тойларының 80%-ға жуығы несие қаражатымен жасалған.

Жас ұлғайған сайын несие алуға ұмтылыс айтарлықтай бәсендейді, көбі тек қажет затқа ғана несие алады. Мысалы, 45 жастан асқан адамдар несиені тұрмыстық техникаға (47%), емделуге (16%) және балалардың біліміне (37%) алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары