$ 494.87  520.65  4.91

«Қыз - тауар, ата-ана сол тауарды өткізуі керек» - қоғам қайраткері Омар Жәлел (ВИДЕО)

Мысалы бір шебер адам бір затты жасаса, оған бар ықыласын салып, оның әдемілігіне, сапасына жіті мән беріп, бар уақытын сарп етіп жасайды. Көз майын тауысып жасаған дүниесін сатып алуға қызыққан кез келген адамға бере салмайды.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қоғам қайраткері Омар Жәлел қыздар қауымын тауарға теңеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кезінде ата-балаларымыз қыз баланы гүлге, күнге теңеп, қыздың орны төр екенін нұсқап кеткен болатын. Қазіргі заманда қыздың қадірі "бір тиын". "Қызда береке бар" деп төрінен түсірмеген қазақ, қазір тауар ретінде сатуға бейімделіп алғанға ұқсайды. Осылай айтуыма дәйек боп тұрған Абайтанушы, философ Омар Жәлелдің "Ниет" бағдарламасында айтқан сөзі.

Оның айтуынша, қыз баланың уақытында тұрмысқа шықпағанына ата-ана кінәлі. Және ол отырып қалған қыздарды әр отбасының жауына теңеді.

«Өлген әруақ жер таңдамайды, отырып қалған қыз бай таңдамайды. Қыз - тауар. Ата-ана сол тауарды өткізуі керек. Тауарды өткізе алмаймын деу ата-анаға сын. Мен де қызыма тауар ретінде қараймын», - дейді профессор, Абайтанушы, философ, қоғам қайраткері Омар Жәлел.

Осы орайда Омар Жәлелді жақтағандар да табылды.

Қоғам белсендісі Ермек Құрманғалитегі өзінің Facebook-парақшасында

"Омар Жәлел ағамыздың " Қыз бала - тауар, оны өткізе алмаған ата-ананың кінәсі" деген сөзімен толығымен келісемін. Мысалы бір шебер адам бір затты жасаса, оған бар ықыласын салып, оның әдемілігіне, сапасына жіті мән беріп, бар уақытын сарп етіп жасайды. Көз майын тауысып жасаған дүниесін сатып алуға қызыққан кез келген адамға бере салмайды. Сондықтан да бұл затының құнын білетін, ұқыптап ұстайтын, қажетіне дұрыстап жарататын, нағыз иесіне ғана сатады немесе сыйлайды. Егер әлгі мақтаған заты алған иесінің көңілінен шықпай, шынымен сын көтермейтін болса, шебер ертең сатып алған адамның алдында ұятқа қалудан, елдің жаман сөзіне қалудан ұялады. Дәл сол сияқты қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана оны тәрбиелеудің де хас шебері болуы керек. Қыз деген қонақ. Ерте ме, кеш пе өз теңін тауып құтты ұясына қонуға кетеді. Қызының көркем мінезіне, өнері мен біліміне, инабатылығы мен биязылығына, бір сөзбен айтқанда тектілігіне сенімді әке қызын қайдағы бір желөкпе жігітке, немесе жібекті жүн қылатын ененің қолына ұстатып жібере салмасы анық. Қыз тауар деген осы!", - деген жазба қалдырыпты. 

Яғни, екі жақты сараласақ, Омар Жәлелдің сөзінің жаны бар.

Бірақ болашақ ананы тауарға теңегені - әр қазақ қызының ар-намысын аяққа таптағаны деп білемін. Осы бірауыз сөз "қыз, ана, әйел" ұғымының ер-азаматтар алдында бір тамшы қадірі қалмағанын сездіретін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары