Ресейдің Зеленодольск қаласының (Татарстан) тұрғыны Фаруза Аббазова далада өсетін құмаршық өсімдігінен жасалған ботқаның дәмін әлі күнге дейін ұмытпағанын айтып, Атыраудағы "Каспий коммунасы" газетіне хат жолдады.
"Жақында менің туыстарым жаңадан жасалған Атырау алаңының фотоларын салып жіберді. Онда құмаршық өсімдігіне арналып ескерткіш қойылыпты. 60 жылдан көп уақыт өтсе де, өткен күндер есіме бірден келді. Балалық шақ. Гурьев. Ескі қала. Тегіс шатыры бар саман үйлер. Ағамыз Рафхат Усаев - жоғары білікті жүргізуші еді (жұмыс тәжірибесінде көлігін бірде бір рет соқпаған). Ол Гурьев облысының мұнай кен орындарына жиі іссапарға барып тұратын. Бір күні бізге бұрын білмеген өсімдіктің дәнін әкелді, ол сұр түсті және майлы еді. Оны дүкенде сатпайтын, тек жергілікті тұрғындар өздері жинап, асқа пайдаланған сияқты", - деп жазады Зеленодольск тұрғыны.
Қария балалық шағын еске түсіре отырып, Гурьевте (қазіргі Атырау) азық-түліктің түрі көп болмағанын айтады. Алайда, оның анасы қолда бардан әрдайым дәмді тағамдар дайындап беретін.
"Ағам әкелген сол дәннен дайындалған ботқа өте дәмді болатын. Қанша уақыт өтсе де оның дәмі ауыздан әлі кетпеді. Сол ботқаны осы уақытқа дейін сағынамын. Мұндай ғажайып өсімдікті құнарлы емес жерде тұрған біз сияқты тұрғындарға табиғаттың өзі қамқоршы ретінде берген сияқты", - деген Фаруза Сұңғатұлқызы құмаршыққа арнап ескерткіш тұрғызғандарға алғыс айтуды өтінді.
Құмаршық түйе жейтін жантаққа ұқсас. Ашаршылық және соғыс кезінде бұл дала шөбі мыңдаған қазақ отбасын ажалдан құтқарып қалды деген аңыз бар. Енді қазіргі кезде құмаршық Атырау облысына туристерді тартудың тағы бір брендіне айнала алады.