Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің есеп беруі өтті. Бірақ қоғам белсендісі Олжас Мамыр әкімнің есеп беруін үлкен аппараттық жиынға теңеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өйткені жиыннан тұрғындарды емес, өңкей мемлекеттік қызметкерлерді кездестірген көрінеді.
Ол Қазақстанның азаматы ретінде Facebook-парақшасында осындай жиындарға қарны ашып, көзі шаршағанын жазба арқылы жеткізгісі келді.
«Несін жасырам, мемлекеттік қызметте жүрген ағаларым көп. Бәрі бір сөзді айтады, қызмет ол мәңгілік емес деп. Бірақ мәңгілік сияқты жұмыс жасайды. Қапа болмаңыздар, көпшілігіңіз халыққа жұмыс жасамай кеттіңіздер. Тек әкім үшін және қызметтен кетпеудің амалы болды.
Қарап отырып ішім ашиды. Былай қарасаңыздар, жеке кездесіп қалсақ, сіздерден жақсы басшы жоқ. Ал жұмыс уақытында басқа адамсыздар.
Ия жұмыс барысы оңай емес. Тынымсыз хат және болар-болмас жиналыстар тым көп. Бұның бәрі қол байлау. Бірақ ақталуға жеткіліксіз. Осы қызметте сіздер халыққа жұмыс жасау керексіздер.
Мен Өмірзақ Шөкеевтің іскерлігіне ризамын. Бірақ жанындағы команда да кемшілік бар-ау.
Бүгін әкім есебі өтті. Бірақ залды сағат 10:00-де толтырып алды. Яғни, аудан басшылары, басқарма, тағысы тағы бар. Бірақ олардың баршасы халық үшін жұмыс жасайтындар. Есеп тыңдайтындар емес. Менің көзқарасым - әкімнің есебін "ҮЛКЕН АППАРАТТЫҚ ЖИЫН" деп есептеймін. Бұл менің облыс тұрғыны ретінде айтқан пікірім», - делінген жазбада.
Қоғам белсендісі тек пікір білдіріп қана қоймай, соңында өз ұсынысын жазды.
Ол костюм-шалбар кигендерге аз орын қалдырып, залдағы қалған орынды тұрғындармен толтырса екен дейді.
Шынымен, әкім күнде көріп жүрген адамдарына не үшін есеп береді? Және әкім есебі тұрғындардың алдында берілуі керек сияқты.