$ 494.87  520.65  4.91

«Біз тұтқынбыз ба?»: полицейлер Амангелді Батырбеков бастаған журналистерді әкімнің есеп беруіне кіргізбей, қамап тастады (ВИДЕО)

Видеода ол автобустан тәртіп сақшыларының шығармай отқанын, белгісіз бір жаққа алып бара жатқанын мәлімдеді.

Өмірзақ Шөкеевтің халыққа есеп беруіне бет алған бірнеше журналистке жиынға қатысуға тыйым салынды. Олардың ішінде Амангелді Батырбеков та бар, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Амангелді Батырбековтің айтуынша, есеп өтіп жатқан орынға кірмекші болған оларды Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері себебін түсіндірместен күш қолданып, автобусқа тоғытқан. Өзімен бірге бірнеше адамды да ала кеткен көрінеді. Тәуелсіз журналист ұсталған сәттен бастап Facebook-парақшасына бірнеше видео жариялады.

Алдымен генерал Қайрат Дәлбековке өзін ұстағандарды заң бойынша жазалауын талап етті.

"Генерал Қайрат Дәлбеков мырза! Сізден мына қызметкерлердің үстінен ҚР ҚК-нің "журналистің өзінің кәсібімен айналысуға кедергі келтіру" деп аталатын 152 бабымен қылмыстық іс тіркеуді талап етемін", - деп ашуға мінген ол кейіннен автобустың ішінен ҚР Президенті Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.

Видеода ол автобустан тәртіп сақшыларының шығармай отқанын, белгісіз бір жаққа алып бара жатқанын мәлімдеді.

"Құрметті Тоқаев мырза! Бұл қандай мемлекет? Бұл не деген адам құқығын таптау? Мына тірлікті қолға алу керексіз. Бұл облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен істелген дүние ме? Әлде мұны полиция істеп отыр ма? Бұны қалай түсінуге болады? Біз тұтқынбыз ба?", - деп ашынды ол.

14 ақпанда түс кезінде Азаттық радиосы Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің басшысы Әсет Ибрагимовке хабарласып, журналистің ұсталуына байланысты түсініктеме сұраған еді. Ол оқиғадан хабарсыз екенін, "жиналыста отырғанын" айтты. 

Түскі бірлер шамасында полицияның Батырбековті Шымкентке апара жатқаны белгілі болды. Оның не үшін ұсталғаны белгісіз.

Осы жүктелген видеоның астына Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі журналистің не үшін ұсталғанына қатысты мәліметті пікір ретінде қалдыруды жөн көріпті.  

"Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Сарыағаш ауданы Прокуратурасынан Алматы қаласы тұрғынынан А.Батырбековке қатысты арыз келіп түскен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 385-бабы «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша тіркеуге алынған.

13 ақпан күні арызданушымен беттестіру үшін А.Батырбеков Сарыағаш АПБ-не шақыртылған.
Бірақ оның келмеуіне байланысты 14-ақпан күні Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерімен Түркістан қаласында ұсталды.

А.Батырбеков Жамбыл облысында туысының қайтыс болуына байланысты жолға шыққанын ескеріп, полицейлер оны жіберген. Қазіргі таңда істің мән жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, әкімнің есеп беру жиынына 700 тұрғын қатысқан.

Еске сала кетсек, таяуда ғана жергілікті білім бөлімінің басшысы мен журналист соттасқан еді. Ол жағдай Петропавлда емес, Түркістан облысында тіркелген. Бірақ, дәл осыған ұқсас әрекет. Атап айтқанда, Сарыағаш аудандық полиция басқармасы журналист Амангелді Батырбековті «жала жапты», «қорлады» деп сотқа берген Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің үстінен қылмыстық іс ашқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары