Нұр-Сұлтан қаласының аудан әкімдіктері елорданы қар мен мұздан дұрыс тазарта алмай отыр. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында депутаттар төрт аудан әкіміне осындай сын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат Мирас Шекенов елорданың коммуналдық қызметін сынға алды. Айтуынша, олар қала көшелерін тазалау кезінде жаяу жүргіншілер жолына тиісті назар аудармайды.
"Кеше ғана өзім құлап қалдым. Тротуарлар мен көшелер шала тазаланып жатқанын көріп отырмыз. Боран екі апта бұрын болды, ал омбы қар әлі жатыр. Қала таза болуы тиіс", - деп ашуланды ол.
Ал депутат Рәмзия Өмербаева елорда мектептерінің айналасын су басуы мүмкін екеніне алаңдады. Себебі қазір әкімдіктер білім беру мекемелерінің аумағынан қарды шығаруға көмектеспейді.
Бұдан бөлек, депутаттар "Астана Тазалық" ЖШС басшылығынан қар ерітетін үш машинаның жұмысы туралы сұрады. Олардың айтуынша, қысқы кезеңде екі машина 1 миллион 230 текше метр қар ерітуі тиіс. Ал осы қыста бұл машиналарда тек 20 мың текше метр қар ерітілген.