Ақтөбеде «Голден сити-200» қаржылық ұйымына ақша салған салымшылар шу көтерді. Айтуларынша, бір апта бұрын ғана миллиондап ақша салған ұйымдары бір күнде жабылып қалған. Кеңсеге құлып салынған, ұйым басшысы 12 ақпаннан бері ізім-ғайым жоқ. Алданғандарын енді ғана білген салымшылар ақшаларын кімнен сұрарын білмей дал болып отыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Бір ай бұрын ғана ашылып, жарнамасы жер жарған фирма бір күнде жабылып қалған. Енді салымшылар бұрын мемлекеттік қызметте істеп, тіпті, әкімнің орынбасары болған «сыйлы азаматқа» сенгендеріне өкініп отыр.
«Ізтілеу Қайрат – Қарғалы ауданының Бадамша ауылында әкімнің орынбасары ретінде жұмыс істеген адам. Бұл адамды былай сыртынан біліп, тума-туыс, досты шақырып, біраз адам осында ақшаларын салды. Негізі Бадамшаның тұрғындары көп жүрді бұл жерде. Енді ол кісі 12 ақпанда жұмысқа шықпай, компания жабылып қалды», - дейді жәбірленуші Санат Дүйсенов.
Бұл ұйым 12 қаңтарда ғана ашылып, аз уақыт ішінде бір жарым мыңдай салымшы жинап үлгеріпті. Халық 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін ақшаларын салған. Жүйе бойынша 3 ай ішінде салған ақшасын екі еселеп қайтаруы тиіс еді.
«Бесінші ақпанда бес адам болып, бір үйден договорға отырып, 1 миллион 500 мың қолдарына санап беріп кеттік. 12-сінде келсек, директор жоқ. Кассир жүр. 13-інен бастап кеңсе тіпті ашылған жоқ. Білмейміз жағдайымыз не болатынын. Ақшаны кредитке алдық», - дейді екінші жәбірленуші Гүлжан Берішбаева.
Барлық салымшылардың қолында тараптар қол қойысқан келісім-шарт бар. Бірақ, ондағы мөр мен қол атқарушы директордікі емес, басқа бір ауыл тұрғынына тиесілі болып шықты. Салымшылар полицияға арыз түсірді.
«Ақтөбе облысының Полиция департаменті «Голден сити 200» қаржы пирамидасына қатысты ҚР ҚК-нің 217-бабы «Қаржы пирамидасын ашу және басқару» бабымен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Салымшылар бұл компанияның басшысын іздеп, туған жері Бадамшаға дейін барып қайтқан. Бірақ, нәтижесі жоқ. Енді олар тек полицияға үміт артып отыр.
Айта кетсек, жуырда ғана 10 мыңнан астам ақтөбелік миллиардтаған теңге салған «Голд» қаржылық ұйымының басшысы ұсталған еді. Алаяқтарға алдаңғандар көбейген соң өңірдегі барлық күмәнді қаржы ұйымдарын жаппай тексеру науқаны басталды.