Елорданың іргесіндегі Қоянды ауылында қаңғыбас иттер өріп жүр. 8 жастағы мектеп оқушысына 6 ит жабылып, сау-тамтығын қалдырмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаға хабарласқан ана осы оқиғадан кейін де атылған ит, қауіпсіздік үшін қабылданған шешім де жоқ дейді. Бұл қар қалың түскен ауылда тамақ таппаған иттердің адамға шабуы бірінші рет емес көрінеді. Елді мекенде жалғыз мектеп бар, ондағы балалар 3 ауысымда оқиды. Кеш қайтқан оқушылардың бірін бұған дейін де ит қапқан.
«Көршімнің баласы құтқарып қалды. Әйтпесе, біз білмейтін едік. Бір аяқ, бір қолы жансыз үйге келді. Кейін әкімдікке өтініш бердім. Олар бізге ит ататындар бөлек болады, оларға өзім айтам, жауабын береді деді. Жарайды деп сол күні күттік. Телефон көтермейді. Ватсаптан жазсам, «мен жоғарыда отырмын, жиналыстан кейін жауап берем» деді. Бірақ, әлі жауап жоқ», - дейді Қоянды ауылының тұрғыны Бақытгүл Мағырапат.
Сосын жауап жоқ деген шенеунікке телеарна тілшілері хабарласып көрген. Тікелей байланысқа шыққан Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеев: «Қаңғыбас иттерді аулап, жоюмен ауданда мамандандырылған «Төрт түлік» коммуналдық мекемесі айналысады. Жаңағы кісі айтқан жағдайды білеміз, өтініш жазған. Біз «Төрт түлік» мекемесіне хат жолдап, тиісті іс-шара қабылданған. Ит аулайтын кісі өтініш білдірушіге хабарласқанда, телефонын көтермеді. Дегенмен, қаңтар айында 19, ақпан айында 24 қаңғыбас иттің көзі жойылды. Ол жұмыс ары қарай жалғасады», - деп отыр.
Сондай-ақ, ол «6 ит жабылған балаға әкімдік тарапынан неге көмек көрсетілмеді?» деген сұраққа: «Бізден тек қана иттердің көзін жоюды, сосын көмектескен 7 сынып оқушысын марапаттауды сұрады. Марапаттауға бәрі дайын. Боранды күндер аяқталған соң мектепте жиналыс жасап, ата-анасын шақыртып, баланы марапаттаймыз», - деп жауап берді әкім.
Осы орайда, телеарна тілшілері жуырда ауылға барып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тағы хабарлайтындарын уәде етті.