«Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының сарапшысы Еркебұлан Жұмашов "Наурыз мейрамы қатарынан 9 күн тойлануы керек" деген ұстанымда. Ол жаңа бастама жайлы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Наурыз мейрамын реформалауға қатысты ұсыныс елде қызу талқыланып жатыр. Осыған орай, бастама көтерген институттың сарапшысы ұлттық мерекені тойлауды қалай реформалау керектігі жайлы ұсыныстарын "жіпке тізді".
"Біз жаңа бір ұсыныс жасаған болатынбыз. Мысалы, Наурызды 14 наурыздан бастап 22 наурыз аралығында ресми түрде 9 күн атап өтуді ұсынып отырмыз. Бұл ұсынысымыздың жаңалықтарының бірі - 9 күннің әрбір күнін бір-бір қайырымды, дәстүрлі іске айналдыру. Мәселен, 14 наурызда еліміздің бірқатар өңірінде "Көрісу күнін" атап өтеді. Одан кейін "Шежіре күнін" ұсынып отырмыз. Бұл күні - жеті атасын жас ұрпаққа жаттатса, ата-бабаларының ерліктерін, аңыз-әпсаналарын түсіндіріп берсе.
Оған қоса, "Шымырлық пен шеберлік күнін" атап өткелі отырмыз. Мұнда ләңгі тебу, асық ату, көкпар тарту секілді т.б. ұлттық ойындарымызды насихаттасақ. Балалар - ләңгі теуіп, асық ойнаса, үлкендер - көкпар тартса.
Бір күнді "Жоралғы күні" деп атасақ. Ол жерде ұмыт бола бастаған, көпшілік біле бермейтін салт-дәстүрлерімізді жаңғыртсақ. "Бір күнді "Зияткерлік күні" деп атап, онда жаңылтпаштар, мақал-мәтелдерді жас ұрпаққа жаттатсақ деген мәселе бар.
Мысалға, көп адам жаңылтпаш жаттауды ұмытты. Жаңылпаш жаттау - баланың интеллекталды дамуына өте үлкен үлес қосады. Одан кейін арнайы "Жайлау күні". Мұнда табиғатқа серуендеуге шықса. Жалпы Наурыздың мақсаттарының бірі - тазару ғой. Әр үйдің адамдары үйінің айналасын тазартса, жалпы қазақтың дүниетанымының өзі табиғатпен тығыз байланысты. Ұлттық тағамдарымызға арналған бір күніміз бар. Зерттеушілер қазақ ас мәзірінде 200-ден астам тағам түрі барын айтып жүр. Осы ұлттық тағам түрлерінің бәрін неге жасамасқа, жаңғыртпасқа, атап өтпеске!?", - деді Еркебұлан Жұмашов.
"Біз онсызда тойшыл халықпыз. Бірақ 9 күн қазақ үшін тым көп емес пе?" деген жүргізушінің сұрағына: "Наурызды басқа бір тойлардан бөлек қарау керек. Бұл - той емес, мереке. Мұның мақсаты, мәні - салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, бұрынғы тарихымызды жаңғырту, еске алу. Осы тұрғыдан алған кезде 9 күннің әрқайсысын әртүрлі бағытқа арнайтын болсақ, көп емес деп ойлаймын. Үш күн тойлау жетпейтін секілді. Себебі, алыс ауылдардан ірі қалаларға Наурыз мерекесі үшін келетіндер, керісінше, үлкен қалалардан ауылдағы қарашаңыраққа баратындар бар. Сондықтан мерекеде 9 күн арнайы демалыс болатын болса, қалада тұрып, жұмыс істеп жүргендер ауылдағы ата-анасына барып сәлем беріп, ағайын-туыспен көрісіп, бақилық болған адамдардың жақындарына көңіл айтып дегендей соның бәріне үлгерер еді. Мұның барлығы отбасылық қатынастарды жақсартады", - деп Наурызды 9 күн мерекелеудің мәнін аша түсті.