Шымкент қаласының әкімі жұмыссыздар алаңын ашуды жоспарлап отыр. Ғабидолла Әбдірахымов күнделікті «Миланж» фабрикасы маңын тұраққа айналдырған жұмыссыз азаматтарды бір жерге шоғырландырып, қала көркін қашырмауды ұсынды деп жазады Otyrar.kz.
Әкім оларды арнайы тіркеуге қойып, екі қолєа бір күрек табуға көмектесуді тапсырды.
Айта өтейік, өткен жылы Шымкентте 40 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте сөз болды.
«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының Шымкент қаласында орындалу барысы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Қуанышбеков баяндама жасап, бағдарламаның инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту, жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу секілді үш бағытын сөз етті.
Айта кету керек, жұмыспен қамту орталығында қазіргі таңда арнайы операциялық зал ашылып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді байланыстыратын алаңға айналып келеді. Бұл алаң интернет желісіне қосылған, арнайы техникалық құралдармен жабдықтау, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетуді қамтиды.
Мәселен, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары тұрақты, уақытша, сағаттық кестеге сәйкес жіктеп, орталықтандырылған базаға енгізіліп, еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеушілерге ұсынылады.