$ 514.65  544.6  5.17

«Жендеттерді өлімімен жеңді арыс»: марқұм Дулат Ағаділге елге танымал ақындар өлең арнап жатыр

Сопы Сматаев бастады, Бақытжан Тобаяқов, Алмас Ахметбекұлы, Әлібек Шегебай, Дәурен Берікқажыұлы, Айгүл Жұмаділ, Есей Жеңісұлы және Еркебұлан Қайназар қостады.

Қазіргі қазақ көшбастар бір тұлғаға зәру екенін қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қазасында тағы да танытты. Кеңестік ескі-құсқы жүйеге өкпелі. Сондықтан қайдағы бір қашқын жемқор Мұхтар Әбілязовтан тұлға жасап алғылары келді. Одан өзге де даңғойлар айқайлап шыға келсе болды, соның соңынан ере кеткісі келіп тұрды.

Еңіреген бір еріміз шығады-ау деп елеңдескен жұрт, әйтеуір. Алайда, күткен көшбасшылары көрінбеді. Бар ғой, бірақ, әзірге елеусіз. Бәлкім, ол мен шығармын, сен шығарсың...

Өз араларынан шыққан шыншыл жігіттердің бірі Дулат Ағаділді де халық өзінің жоқтаушысы деп білді. Сол себепті, ол қаза тапқанда қазақ әдебиетінде аты-сойы бар бірнеше ақын өлең де арнады.

Мысалы,
«Өлді Азамат!
Өлді қазақ!
Өлді арыс!
Өр намыспен алмастырды шерді арыс.
Мәнгүрттікті ажалымен көмді арыс,
Жендеттерді өлімімен жеңді арыс», - деп Сопы Сматаев бастап, Бақытжан Тобаяқов, Алмас Ахметбекұлы, Әлібек Шегебай, Дәурен Берікқажыұлы, Айгүл Жұмаділ, Есей Жеңісұлы және Еркебұлан Қайназар қостап жазған жырларды qamshy.kz сайты жариялады.

«Ол – Ақәділ. Айтқаны да ақ, әділ.
Арпалыстың атауы ма жаңа бұл?!
Елемедік жанайғайды кеше біз.
Сені кеше танымадық «Жаман ұл», - деп тебіренді Алмас Ахметбекұлы.

«Ақиқатын айтар болсам шамалап,
Бәріне де уақыт қалды шамалы-ақ.
Аңыраған артыңдағы асықтай
Алты балаң Алты Алашқа аманат!» - деп күңіренді Әлібек Шегебай.

«Сен өлесің... өлмейді өтірік тек!
Кекіріп боп сөйлейді кекілік көп.
Жырқ-жырқ етіп желіде жұртым отыр,
Осындайда жылайтын өкіріп кеп», - деп қынжылады Дәурен Берікқажыұлы.

«Рухы жасып, сағы да сынып, сыр қаңғып,
Отыз жетінің елесі елді жүр ме аңдып?
Омалып бір күн қалар ма екенбіз, ойпыр-ай,
Отыра берсек оғыз ұлдарды құрбан қып...» - деп тұнжырады Айгүл Жұмаділ.

«Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді...
Абақтыға барғаны сол күн еді...
Аяқ асты «ұстап қалды» жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі...» - деп күмәнданды Есей Жеңісұлы.

Ал айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар көріпкел Мөңке бидің мәнеріне салып толғанғанды жөн көріпті.

«Ақырзаман таяғанда...
Қазақтың жауы қазақ болады,
Азаттығың азап болады.
Дауасыз дертің болады,
Формасыз ментің болады,
Ауладан аулағаны – шал менен кемпір болады.
Көлің құрғақ болады,
Өнім – қымбат,
Өлім – жұмбақ болады.
Көктегі «жұлдыздар» жерге түсіп,
Халыққа ойын ойнатады,
Жердегі үй аспанға ұшып,
Ұшақтың сорын қайнатады.
Сиырға жетпейтін пұлың болады,
Үшке бөлінген тілің,
Жетпіс үшке бөлінген дінің болады.
Қалалар «адам» болады,
«Даналар» надан болады.
Атқамінерлер Алладан қорықпаса,
Ақыры жаман болады!» - деді ол.

Сонда билік те түбінде нағыз көшбасшының өзі анықталғанша, осылайша Дулат сынды бас көтерген азаматтардың бәрінен күмәнданып отырмақ па? Өйткенше, үнемі халықтың наразылығын назарға алып, талабын тыңдап, мәселесін біріге шешіп отыруы керек қой. Әйтпесе, қашанғы «өз-өзімізді үш рет атып», «аяқастынан жүрегіміз тоқтап» өле берер дейсің...

Ерік ЕЛЕУСІЗ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары